Қазақстандық кино күндері алғаш рет ауылдық жерден бастау алды
2026-03-04 11:37
Қазақстанда Республикалық кино күндерінің ресми ашылуы өтті. Ауқымды мәдени жоба екінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен ұйымдастырылып келеді. Биыл Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен салтанатты ашылу рәсімі алғаш рет ауылдық жерде — Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимское ауылында өтті.
Кино күндерінің ауылдық жерден бастау алғаны жобаның ұлттық киноны әрбір көрерменге қолжетімді ету бойынша стратегиялық мақсатын айқын көрсетеді.
«Республикалық кино күндері көрермендерді отандық кино саласының даму үрдісімен таныстыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан ауқымды мәдени бастама. Жоба Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаеваның тапсырмасымен жүзеге асырылуда. Ол ұлттық кинематографияны дамытуға ерекше назар аударып, елдің мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру маңызды екенін қашанда қаперден жібермейді. Басты мақсат — отандық фильмдерді халыққа кеңінен насихаттау, ұлттық киноны әр өңірдегі көрерменге қолжетімді ету. Қазақ киносының жетістіктерін ел ішіне кеңінен таныстыруды әрі қарай жалғастырамыз», — атап өтті Кино орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев Кино күндерінің өңір үшін маңыздылығын атап өтті.
«Облыс басшылығы креативті индустрияны дамытуға ерекше мән береді, бұл өңірдің басым бағыттарының бірі. Кино мен медианы қолдау жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, жұмыс орындарының құрылуына және заманауи мәдени ортаның қалыптасуына ықпал етеді», - деді ол.
Кино күндерінің ашылуы аясында өткен жылдың премьерасы — «Капитан Байтасов» фильмі көрсетілді. Шынайы оқиғаға негізделген драма-экшн туындысы Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған. Фильм батылдық, ар-намыс, жауапкершілік және қоғамға қызмет ету тақырыптарын көтереді. Көрсетілімге ҚР ішкі әскерінің ардагерлері, қоғам қайраткерлері, «Ел тірегі» аудандық әскери-патриоттық клубының өкілдері қатысты.
Апта бойы өңір тұрғындары мемлекеттік қолдаумен түсірілген қазақстандық фильмдерді тамашалай алады. Бағдарлама қазіргі отандық кинематографияның жанрлық және тақырыптық алуандығын қамтиды.
Сонымен қатар Кино күндері аясында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен құрылған аудандық креативті «Digital Zerde» IT-орталығы жанындағы Цифрлық мұражай ашылды. Бұл — келушілерге заманауи технологиялар арқылы аудан тарихымен танысуға мүмкіндік беретін интерактивті кеңістік.
Цифрлық мұражайдың ашылуы өңірдегі кең ауқымды бастама — Digital Aimaq жобасының бір бөлігі болып табылады. Жоба аудандарда цифрлық және креативті инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Оның аясында жастар, кәсіпкерлер мен шығармашылық қауым үшін өсу нүктесіне айналатын аудандық креативті IT-орталықтар құрылуда. Бұл орталықтарда цифрлық технологиялар, медиа және креативті индустрия салаларында білім беру бағдарламалары, түрлі іс-шаралар, сондай-ақ заманауи технологиялар арқылы тарихи-мәдени мұраны сақтау жобалары жүзеге асырылады.
Ауылдық жерде Кино күндерін өткізу және цифрлық мұражайды іске қосу мәдениет пен цифрландырудың өзара сабақтастығын көрсетіп, өңір тұрғындарының заманауи мәдени контентке және оны қабылдаудың жаңа форматтарына қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Еске салсақ, өткен жылы Кино күндері аясында мемлекеттік қолдауымен түсірілген фильмдердің коммерциялық емес көрсетілімдері елдің барлық облыстарында ұйымдастырылды. Көрсетілімдер облыс орталықтарында да, шалғай ауылдарда да өткізіліп, шамамен 2 миллион көрерменді қамтыды.
Осы жылы да Қазақстандық кино күндері еліміздің басқа өңірлерінде жалғасады. Жоба аясында барлық аймақтардағы көрермендерге ел тарихын, мәдениетін және рухани құндылықтарын көрсететін фильмдер ұсынылатын болады.