Қазақстандық фильм Нью-Йорктегі беделді сыйлыққа ұсынылды
2025-08-09 20:00
Режиссер Алина Мустафинаның «Пряники для её отца, моего прадеда, её деда» деректі фильмі АҚШ-тағы ең көне әрі ең беделді кинофестиваль – 48-ші Asian American International Film Festival аясында «Деректі кино саласындағы перспективті режиссер» номинациясы бойынша үздіктер қатарына енді.
Картина Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Өндірісті UVENT production кинокомпаниясы жүзеге асырды.
Биыл фестивальдің деректі кино бағдарламасында әлемнің түкпір-түкпірінен бар-жоғы 12 картина ғана ұсынылған.
«Бізде әлі америкалық премьера болған жоқ және оның дәл осы азиялық кинофестивальде өтетініне өте қуаныштымын. Әсіресе, Орталық Азиядан шыққан кино әлемде жиі еленбей қалады. Бұл премьера мен үшін ерекше, себебі мен алғаш рет басты кейіпкер – менің әжем қайтыс болғаннан кейін фильмді көретін боламын. Ол екі апта бұрын өмірден өтті. Менің ойымша, ол Америкаға барып, шараға қатысқанда бақытты болар еді», – деді режиссер Алина Мустафина.
Фильмде Лябиба есімді кейіпкер 1944 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтыс болған әкесінің қабірін іздейді. Немересі Алина оны Қазақстаннан Польшаға алып барып, бұл туралы фильм түсіргісі келеді. Туынды түп-тамырын танығысы келген әрбір адам үшін мағыналы және жан тебірентерлік.
Картинаға қазақстандық Uvent Production кинокомпаниясы продюсерлік еткен. Бас продюсерлері – Ақжол-би Сәрсембаев пен Еркежан Мақсұт. Бұрын фильм әлемдік киногерлер қауымына ұсынылып, бірнеше халықаралық кинонарыққа қатысқан.
Туынды Пусан халықаралық кинофестивалінде (Оңтүстік Корея) әлемдік премьерасы, Турин кинофестивалінде (Италия) еуропалық премьерасы өтті, Cinema Verite фестивалінде (Иран) «Үздік фильм» Гран-приін иеленді, «Бастау» фестивалінде (Қазақстан) «Үздік дебют» жүлдесін алды, сондай-ақ Bolzano Film Festival Bozen (Италия) және ORAI Festival (Абай, Қазақстан) арнайы көрсетілімдерінде көрсетілді. Сонымен қатар, бұл фильм Қазақстандағы «Сыншылар таңдауы» сыйлығында «Үздік дебют» номинациясына ұсынылған алғашқы деректі жоба болды.
Айта кетейік, Asian American International Film Festival 2025 жылғы 31 шілде мен 10 тамыз аралығында Нью-Йоркте өтеді, ал марапаттау рәсімі 10 тамыз күні Манхэттенде ұйымдастырылады.