Жаңалықтар

Аруан Анартай халықаралық кинофестивальде «Ең үздік режиссура» жүлдесін жеңіп алды

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Joqtau» фильмі III Бішкек халықаралық кинофестивалінің KyrgyzBox байқау бағдарламасында «Ең үздік режиссура» номинациясы бойынша марапатталды. Жүлде фильм режиссері Аруан Анартайға Бішкекте өткен жабылу салтанатында табысталды.

Фильмде басты кейіпкерлер сапар барысында түрлі қиындықтарға тап болып, өмірлік құндылықтары мен сенімдерін қайта қарауға мәжбүр болады.

Жоба продюсерлері – Аружан Досымқожа мен Александра Сытник. Басты рөлдерді белгілі қазақстандық актерлер – Исбек Әбілмажинов («Қаш», «Уақыт сарбаздары») пен Ермек Шынболатов («Дәстүр») сомдаған.

III Бішкек халықаралық кинофестивалі 11–15 маусым аралығында өтті. Фестиваль бағдарламасы халықаралық, Орталық Азия және ұлттық (KyrgyzBox) үш байқау секциясынан тұрды. Шара аясында көркем фильмдер көрсетілімі, режиссерлермен кездесулер, питчинг-сессиялар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Фестивальдің маңызды сәттерінің бірі – Халықаралық кинокритиктер федерациясы (FIPRESCI) сыйлығының табысталуы болды.