«Бауырына Салу» картинасы Италиядағы фестивальде үздік атанды
2025-07-11 15:21
Еліміздің белгілі режиссері Асхат Кучинчерековтың «Бауырына Салу» фильмі Италияның Иския аралында өтіп жатқан 23-ші Ischia Film Festival халықаралық кинофестивалінің «Үздік толықметражды фильм» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Фильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін картина Asia Pacific Screen Awards-тағы ең үздік жастар фильмі атанды, Әзірбайжандағы Baku International Film Festival додасында да бас жүлдеге ие болды. Франциядағы фестивальде арнайы марапатқа ие болды. Оператор Жанарбек Елеубек Asia World Film Festival-да «Үздік оператор» номинациясы бойынша топ жарды.
Сонымен қатар, фильм ресми түрде Қазақстаннан «шет тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскар-2025» сыйлығына ұсынылды.
Фильмнің сюжеті ежелгі қазақ дәстүрі бойынша әжесінің тәрбиесінде болған баланың оқиғасын баяндайды. Әжесі өмірден өткен соң бала ата-анасына оралып, жаңа ортада бейтаныс адамдармен қарым-қатынас орнатуы қиындайды. Фильмнің сценарийін Асхат Кучинчереков жазған, ол бұл картина қазақ халқының дәстүріне деген құрмет деп санайды.
2003 жылы негізі қаланған Ischia Film Festival – Еуропадағы ең көркем және ерекше фестивальдердің бірі. Ол ортағасырлық Арагон сарайының аумағында өтеді. Фестивальдің басты ерекшелігі – киноның көрнекі ортасына және түсірілім орындарының көркемдік рөліне назар аудару. Соның арқасында әрбір фильм мәдени және табиғи кеңістік контекстінде қарастырылады.