Кино индустриясын дамыту: Кино орталығы Сенаттағы дөңгелек үстелге қатысты
2026-04-16 15:00
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатында өткен дөңгелек үстел барысында кино, анимация және театр өнерін дамыту перспективалары талқыланды. Іс-шара Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіптің төрағалығымен ұйымдастырылды.
Талқылауға Сенат депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің, оның ішінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың, креативті индустрия мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысты.
«Бүгінгі таңда кино, анимация және театр өнері мәдени саясаттың ғана емес, креативті экономиканың да маңызды сегментіне айналуда. Олар қоғамдық құндылықтардың қалыптасуына, ұлттық бірегейліктің нығаюына және еліміздің халықаралық аренада ілгерілеуіне тікелей әсер етеді», – деп атап өтті сенатор Нұртөре Жүсіп.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Басқарма төрағасының орынбасары Әділет Омаров Орталықтың қызметі туралы негізгі ақпаратты ұсынып, алдағы бастамаларға тоқталды.
«Кино бүгінде тек мәдениет саласы болудан шығып, ұлттық бірегейлікті қалыптастырудың, елді халықаралық аренада танытудың және креативті экономиканы дамытудың маңызды құралына айналып отыр. Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырмасы аясында және Кино орталығының қолдауымен 124 фильмнің өндірісі аяқталды, биыл тағы 24 кинотуындының өндірісін аяқтау жоспарланған, олардың басым бөлігі – жас режиссерлердің жобалары. Біздің негізгі мақсатымыз – халықаралық ынтымақтастықты дамыту, жас авторларды қолдау, қазақстандық фильмдердің әлемдік алаңдардағы көрінісін арттыру және көрерменнің соның ішінде шалғай ауыл азаматтарының, ұлттық киноға қолжетімділігін кеңейту», – деді Әділет Омаров.
Кездесу қорытындысы бойынша саланы одан әрі дамытуға бағытталған тиісті ұсынымдар әзірленді.