Жаңалықтар

Қазақстандық фильм халықаралық «Алтын Минбар» фестивалінде көрсетілді

2025-09-09 15:33
Режиссер Алина Мұстафина түсірген «Пряники для её отца, моего прадеда, её деда» атты деректі фильмі Қазанда өтіп жатқан 21-ші халықаралық мұсылман киносы фестивалі – «Алтын Минбардың» байқау бағдарламасына енді. Фестиваль 4-9 қыркүйек аралығында өтуде.

Фильм UVENT production студиясында, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген. 8 қыркүйекте өткен көрсетілім көрермендер тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Сеанстан кейін көрермендер мен авторлар ашық әңгімелесіп, әсерлерімен бөлісті.

«Қазан – біздің отбасымыз үшін де, фильм үшін де ерекше қала. Осындағы көрермендердің жылы қабылдауы біз үшін өте қымбат», – деді режиссер.

Кинокартинада Лябиба есімді кейіпкер 1944 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтыс болған әкесінің қабірін іздейді. Туынды түп-тамырын танығысы келген әрбір адам үшін жан тебірентерлік.

«Фильмде біз айтқымыз келген ұрпақтар арасындағы байланысты Қазандағы көрермендер шынайы сезінді. Бұл –біз үшін үлкен қуаныш», – деді продюсер.

Фильм бұған дейін Busan International Film Festival (Оңтүстік Корея), Torino Film Festival (Италия), Cinema Verite (Иран), Bastau Film Festival (Қазақстан) және 48th Asian American International Film Festival (АҚШ) сияқты халықаралық фестивальдерге қатысып, бірнеше жүлдеге ие болды.