Конкурс-2026: 107 киножоба конкурстық іріктеудің екінші кезеңіне өтті
2026-04-15 18:14
Ұлттық кино орталығы мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды іріктеу конкурсының бірінші кезеңін қорытындылады.Сараптама кеңесінің оң қорытындысына ие болған 107 сценарий мен сценарий жоспарыконкурстық іріктеудің екінші кезеңіне өтті.
Ойын фильмдері секциясы бойынша екінші кезеңге 79 жоба өтті. Анимация секциясында – 12 жоба, ал деректі-хроникалы фильмдер санатында – 16 жоба.
Іріктеуден өткен киножобалардың тізімі осы сілтемеде қолжетімді.
Конкурстың екінші кезеңі ағымдағы жылдың 15 сәуірі мен 6 мамыры аралығында өтеді. Құжаттарды тапсыру сілтеме арқылы қолжетімді. Екінші кезеңде қатысушылар қажетті құжаттарды электронды форматта тапсыруы тиіс. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2024 жылы күшіне енген конкурстық іріктеу қағидаларына сәйкес, ұсынылған құжаттарда қателіктер анықталған жағдайда, өтінім берушілерге оларды түзету үшін 3 күнтізбелік күн беріледі. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы конкурстық іріктеудің нәтижелері туралы қатысушыларды қосымша хабардар етіп отырады.
Бірінші кезеңге өтінім қабылдау ағымдағы жылдың 6 наурызында аяқталды. 2026 жылғы конкурс кәсіби қауымдастық тарапынан жоғары қызығушылық тудырды: барлығы электронды форматта 323 өтінім келіп түсті. Ұсынылған материалдарды тексеру нәтижесінде 277 өтінім Сараптама кеңесінің қарауына жолданды.
Ұсынылған жобаларды бағалау белгіленген критерийлер негізінде жүргізілді. Олар: басым тақырыптарға сәйкестік, сценарийлер мен сценарийлік жоспарлардың драматургиялық деңгейі, шығармашылық шешімнің сапасы мен негізділігі, сондай-ақ кейіпкерлердің ашылу тереңдігі мен жобалардың көркемдік тұтастығы.