Жаңалықтар

«Победителей видно на старте» фильмі Locarno Film Festival конкурстық бағдарламасына енді

2025-08-13 09:53
Режиссер Жаннат Алшанованың «Победителей видно на старте» фильмі «Accidental Films» ЖШС кинокомпаниясымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген. Ол әлемдегі ең ірі кинофестивальдердің бірі - Locarno Film Festival аясындағы Concorso Cineasti del Presente байқауының конкурстық бағдарламасына енді.

Картина Франция (Films de Force Majeure), Нидерланд (Volya Films), Литва (M-Films) және Швеция (Kjellson & Wik) елдерімен бірлескен жоба ретінде түсірілген.

Concorso Cineasti del Presente секциясы жас режиссерлерді және жаңа таланттарды біріктіреді.

Фильм 17 жастағы Мила есімді қыздың оқиғасын баяндайды. Ол отбасындағы хаостан қашу үшін ашық суда жүзу командасына қосылады. Алайда кезекті жарысқа қатысу мүмкіндігі пайда болғанда Мила бір шешімгп келуге қажет болады.
Басты рөлдерді Томирис Жанғазинова, Валентин Новопольский, Әсел Қалиева және Медина Сағындықовс сомдады. Қоюшы оператор – Каролин Шампетье.

Түсірілім жұмыстары Қазақстанда, Алматы қаласында және Алматы облысында өткен жылдың тамыз-қыркүйек айларында өтті. Постпродакшн 2025 жылдың жазында үш елде қатар жүргізілді: Францияда, Нидерландта және Швецияда.

Локарно кинофестивалі 1946 жылдан бері өткізіліп келеді және әлемдегі ең көне әрі ауқымды фестивальдердің бірі саналады, ол киноиндустриядағы ең ықпалды бес алаңның қатарына кіреді. Фестивальдің символы - қабылан, ал басты ерекшелігі - Пьяцца-Гранде орталық алаңындағы ашық аспан астындағы әлемдегі ең ірі кинотеатр, оған 8 000 көрерменге дейін сыяды.

Айта кетейік, 78-ші Локарно кинофестивалі 6-16 тамыз аралығында өтеді. Әрбір конкурстық фильм фестивальдің бірнеше алаңында көрсетіледі.