Жаңалықтар

Биыл футбол туралы алғашқы фильм жарыққа шығады

2025 жылы футбол тақырыбына арналған алғашқы кинотуынды, яғни «90+1» фильмі прокатқа шығады. Фильм жас футболшының арманына жету жолындағы күресін баяндайды.

Кинокартинаның режиссері – «Бизнес по-казахски», «Әкім» секілді жобалармен танылған Тимур Дулатов. Басты рөлдерді Қуаныш Керімқұлов, Алмат Сақатов және танымал блогер Артур Асқарұлы сомдайды. Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігі, Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген.

Фильм сюжетіне келсек, басты кейіпкердің ата-анасы жол апатына ұшырап, оған отбасының тірегі әрі сүйеніші болуға тура келеді. Футбол десе, жанын беретін жігіттің бала күнгі арманынан қол үзгісі жоқ. Туынды шытырманға толы хикаяға негізделген.

«Фильмнің мақсаты – елімізде спортты, футболды дамыту мәселесін көтеру ғана емес, сонымен қатар табандылық пен жігердің маңызын ашып көрсету. Жастарға жол көрсетіп, мотивация сыйлау киноның өзегіне айналған. Фильм биыл прокатқа жол тартып, футболсүйер қауымға ұсынылмақ», – деп атап өтті Ұлттық киноны қолдау орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.