Жаңалықтар

Ұлттық кино орталығы жақында бірінші кезеңнің қорытындысын жариялайды

Алматыда конкурстық кезеңнің бірінші кезеңі бойынша Сараптама кеңесінің қорытынды отырысы өтті. Өздеріңіз білетіндей, биыл Сараптама кеңесінің құрамы жаңарды.

Кинотуындының сапасы тікелей сценарийге байланысты. Сондықтан Ұлттық кино орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали жиында кеңес мүшелерін алдымен жауапкершілікті терең сезінуге шақырды.

«Конкурс кезеңдерінде әділ шешім шығаруға, ашық конкурс өткізуге атсалысу басты міндетіміз. Себебі бұл шаралар алдағы уақытта ұлттық мүддеге, ұлттық идеологияға сәйкес келетін жобалардың артуына сеп болады», – деді Құрманбек Жұмағали.

Кеңес мүшелері де осыны негізге алып, күн-түн демей, келіп түскен әрбір киножобаға әр категория бойынша қорытынды берді. Өз саласында жетістікке жеткен, айтары бар мамандар алдымен сценарийлердің ішінен үздіктерін анықтап, көрерменге ой салар шығармаларды сүзгіден өткізді. Осылайша, екінші кезеңге, питчингке жіберілетін жобалардың жайы тарқатылды.

«Кез келген туындының астарында терең ой жатпаса, оның құны көк тиын. Кино түсірген кезде де оның мазмұнын халқымыздың жан-дүниесімен, көзқарасымен, тәрбиесімен қабыстыру қажет. Сарапшылар кеңесі де анимациялық, ойын, деректі фильм бағыттары бойынша сценарийлерді қарауда осыған маңыз берді. Бұл ретте көрерменнің талғамымен санасып, күрделі тақырыптарға барған шығармалар кездескені қуантарлық», – деді Сараптама кеңесінің төрағасы, актер, кинорежиссер Досхан Жолжақсынов.

Ұлттық кино орталығының мақсаты – ашық әрі әділ конкурс өткізу. Алдағы уақытта мемлекеттік қолдауға үміткер киножобаларды іріктеудің бірінші кезеңі бойынша ақпараттар орталықтың ресми сайты мен әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында жарияланатын болады.