Жаңалықтар

«Стоп, ночь» фильмі прокатқа шықты

2024-09-06 10:17
3 қыркүйек күні Алматыда, 4 қыркүйекте Астанада атақты «A’Studio» тобы әндерінің желісімен түсірілген «Стоп, ночь» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. 5 қыркүйектен бастап фильм кинотеатрларға жол тартты.

Фильмді Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» қолдауымен «Medeor» ЖШС түсірді. Сюжет желісі арманы асқақ жас музыкант Бейбіттің аясында өрбиді. Бейбіт өз мұраты мен әкесінің алдындағы жауапкершіліктің ортасында тепе-теңдік табады. Бірақ барлығы өзіне ессіз ғашық биші қыз Джулияны кездестіргеннен кейін өзгереді. Оқиға махаббат, достық, шығармашылықты баяндайды, арман қала – Алматы да фильмнің мәнін аша түседі.
Кинокартинаның режиссері – Фархат Шәріпов. Ол 2010 жылы қазақстандық прокатта серпін әкелген драма «Сказ о розовом яйце» арқылы танымалдылыққа ие болған. Кейін Фархат Шәріпов бірнеше рет халықаралық кинофестивальдарда «Тұлғалық өсу тренингі» (41-ші Мәскеу халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесі), «18 килогерц» (36-шы Халықаралық Варшава кинофестивалінің бас жүлдесі, Қазан кинофестивалінің бас жүлдесі), «Схема» (Берлин халықаралық кинофестивалінің «Generation 14+» бағдарламасында бас жүлдесі) жүлделерге ие болған.

Кинокартинада негізгі оқиғалар «A’Studio» тобының 17 әнімен көмкеріледі. Мюзиклде тыңдармандардың сүйікті хитіне айналған «Стоп, ночь!», «Солдат любви», «Грешная страсть», «Тик-так», «Еще люблю» және «Джулия» сияқты басқа да әндер орындалады. Көрерменге тосынсый ретінде топтың алғашқы альбомындағы «Алматы» әні қазақша шырқалады. Сонымен қатар фильмдегі музыкаларды «A’Studio» тобының негізін қалаушы, продюсер Байғали Серкебаевтың өңдеген.
Фильм продюсерлерінің бірі, Америкалық мюзикл және драма академиясының түлегі, «Инопланетяне ни при чем», «18 килогерц», «Схема» фильмдерінің продюсері – Дина Жұмабек. Картинаның сапалы шығуы, динамикалы болуына, музыкалық сахналарды қоюға 500-ден аса биші қатысқан.

«Қазақстан кинематографиясының тарихында музыкалық картина көп емес. Алғашқы мюзикл – режиссер Шәкен Аймановтың 1958 жылы жарық көрген «Біздің сүйікті дәрігер» картинасы. Онда басты рөлді әкем Ермек Серкебаев сомдаған. Мюзиклдің композиторы – кемеңгер Александр Зацепин. Екеуінің орындауындағы «Надо мной небо синее» әні мега-хитқа айналып, миллиондаған көрерменннің жүрегінен орын алған. Жарты ғасыр өткен соң «Стоп, ночь» фильмінің премьерасы болды», – дейді Байғали Серкебаев.

Айта кетейік, «A’Studio» – бүкіл әлем бойынша тыңдармандарын әдемі әуенмен еліткен топ.