Астанада қырғыз жазушысы Тәліп Ибраимов шығармасының желісімен түсірілген «Күзгі самал» фильмінің премьерасы өтті. Картина «Медетфильм» кинокомпаниясымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қолдауымен түсірілген. Фильм 30 сәуірден бастап кең прокатқа шығады.
«Күзгі самал» – жалғыздық, ішкі күш-жігер және өмірді өзгерте алатын тосын кездесу туралы драмеди. Басты кейіпкер Асанов жұбайы қайтыс болғаннан кейін оңаша өмір сүріп, тыныш тіршілік кешеді. Оның жалғыз әуестігі – түнгі жүзулер, бірақ ол бұл әдетін өзгелерден жасырады. Қиын жағдайға тап болған әйелді құтқарып қалған сәттен бастап барлығы өзгереді. Осы кезден бастап кейіпкерлер тағдыры тоғысып, жаңа мән мен сезімдерге толы өмір басталады.
Фильм режиссері – Әділ Мереке. Продюсерлері – Тасболат Мерекенов және Біржан Әбубәкір. Басты рөлдерді Берік Айтжанов, Ғани Құлжанов және Камила Фун-Со сомдаған.
Түсірілім жұмыстары көркем табиғи орындардың бірі – Ыстықкөл көлі жағалауында өтті. Бұл фильмге ерекше көркемдік сипат берген.
Сондай-ақ картина 2025 жылы Бішкекте өткен XII Ұлттық «Ақ Илбирс» кинопремиясында «Орталық Азияның үздік фильмі» аталымы бойынша марапатталды.
«Фильмнің негізінде әр адамға жақын тақырыптар жатыр: жалғыздық, махаббат, кешірім және өткенмен бетпе-бет келу. Бұл – адам тағдыры мен ішкі таңдау туралы хикая. Картина қырғыз жазушысы Тәліп Ибраимовтың шығармасы негізінде түсірілгені маңызды – мұндай әдеби және шығармашылық байланыстар мәдениеттерімізді жақындастырып, оқиғаға тереңдік пен шынайылық береді», - деп атап өтті Ұлттық кино орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали
Бұған дейін фильмнің көрсетілімі Алматы қаласында өтіп, оған фильмнің шығармашылық тобы, Кино орталығы жанындағы Сараптама кеңесінің мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.