Жаңалықтар

Қазақстан өңірлерінде кино күндері жалғасуда: Жамбыл облысында Кино орталығының фильмдері көрсетіле бастады

2026-04-09 14:35
Қазақстан өңірлерінде қазақстандық кино күндері жалғасып жатыр. Бүгін Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген фильмдерден тұратын көрсетілімдер онкүндігі бастау алды. Іс-шара Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Кино күндерінің ашылу салтанаты аясында қалалық мәдениет үйінде «Капитан Байтасов» көркем фильмі ұсынылды. Шынайы оқиғаларға негізделген бұл драма-экшн туындысы 2011 жылы Тараз қаласында лаңкесті ұстау кезінде бейбіт тұрғындарды құтқарып, ерлікпен қаза тапқан Халық Қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігіне арналған.

«Өткен жылы республикалық кино күндері 2 миллионға жуық адам жинады, осы тұста біз отандық фильмдерге қызығушылықтың күннен-күнге артып келе жатқанын байқаймыз. Кино күндері — көрерменді, әсіресе ауылдағы ағайынды, отандық киноөнермен, сондай-ақ Кино орталығының туындыларымен кеңінен таныстыруға мүмкіндігі. Онкүндіктің Тараз тумасы, ел мақтанышы болған қаһарман туралы фильммен басталуы — айрықша мәнге ие. Ол азаматтардың қауіпсіздігі үшін өз өмірін құрбан етті. Ең бастысы — көрсетілімдер коммерциялық емес негізде ұйымдастырылуда. Біздің мақсатымыз — қазақстандық киноның қолжетімділігін арттыру, оған деген сұранысты күшейту және қоғамға маңызды рухани-мәдени құндылықтарды жеткізу», — деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма Төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлдана Серікбаева жобаның өңір мәдениеті үшін маңызын атап өтті.

«Облыс басшылығы отандық киноны қолдауға және дамытуға, сондай-ақ өңір тұрғындарының мәдени деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Біз ұлттық өнерді дәріптеуге және рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталған бастамаларды әрдайым қолдаймыз. Кино күндерінің өткізілуі — көрермендердің қазақстандық кинематографияға деген қызығушылығын арттырып, өңірдің мәдени өмірін байытатын маңызды мәдени оқиға», — деді ол.
Алдағы он күн ішінде қала мен облыс тұрғындары мемлекеттік қолдаумен түсірілген, қазіргі отандық киноның жанрлық және тақырыптық әралуандығын танытатын үздік қазақстандық фильмдерді тамашалай алады.

Айта кетейік, биыл Кино күндері алғаш рет Солтүстік Қазақстан облысының ауылдық елді мекенінде бастау алып, қазақстандық киноның әрбір көрермен үшін қолжетімді екенін айқындады. Жыл соңына дейін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы еліміздің барлық өңірлерін қамтып, көрсетілімдер аясын кеңейтуді және көрермендерді заманауи отандық киножобалармен таныстыруды жоспарлап отыр.