Жаңалықтар

Кино орталығы ТМД елдерінің «Орталық Азия+» кинофорумына қатысты

Алматы қаласында ТМД елдерінің құрылғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Орталық Азия+» кинофорумы өтуде. Аталған іс-шара Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанның киноиндустрия өкілдерін бір алаңға тоғыстырды.

Іскерлік бағдарлама аясында қазақстандық кинематографияны дамытудың негізгі бағыттары, халықаралық ынтымақтастық және бірлескен киноөндірістің перспективалары таныстырылды.

«Бүгінде Қазақстанда кинематографияны мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесі қалыптасып, заңнамалық база кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. Кинематография саласындағы халықаралық ынтымақтастық жыл сайын нығаюда. Біздің жобалар әлемдік кинофестивальдерде табысты көрсетіліп, көрермендер мен кәсіби қауымдастықтың жоғары бағасына ие болуда», – деді өз сөзінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Сонымен қатар бүгінгі таңда Кино орталығының қолдауымен 124 киножобаның өндірісі аяқталғаны айтылды. Жыл соңына дейін тағы 24 фильмнің өндірісін аяқтау жоспарланып отыр.

Іскерлік бағдарламамен қатар, форум аясында ұлттық фильмдердің көрсетілімдері мен олардың авторларымен кездесулер ұйымдастырылады. 25 маусым күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Кино орталығының қолдауымен түсірілген «Паралимпиец» көркем фильмі көрсетіледі.

Кино орталығының «Орталық Азия+» кинофорумына қатысуы ТМД елдері арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және қазақстандық киноны ілгерілетуге ықпал етеді.