Жаңалықтар

«QAITADAN»: 4 қыркүйектен бастап тұңғыш апат туралы фильм прокатқа шығады

4 қыркүйекте алғашқы қазақстандық апат туралы көркем фильм – «QAITADAN» кең көлемде прокатқа шығады.

Фильм – режиссёр Думан Еркімбектің толықметражды дебюттік туындысы. Жоба «Dala Cinema» киностудиясы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, сондай-ақ Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Фильм 2023 жылғы ұлттық киножобалар питчингінің жеңімпазы атанған.

«QAITADAN» – көрерменге көркем әсер сыйлайтын апат жайлы фильм емес, сонымен қатар терең мағыналы философиялық драма. Фильм өткен қателіктер, ұрпақтар сабақтастығы мен жаңа жол қалау жайлы ой қозғайды.
Басты кейіпкер – қалада өскен өзімшіл жігіт Рауан. Спорттық жарыс алдында оны ата-анасы ауылға алып кетеді. Бір күнге ғана келдім деген оймен жүргенде, ол уақыт тұзағына түсіп қалады: оқиғалар қайта-қайта қайталана береді. Тығырықтан шығу жолын іздеген Рауан өз өмірін өзгерткен үлкен апаттың куәсі болады.

«Адам өзі өзгермейінше, өмір де өзгермейді. Біз сол қателіктерді қайта-қайта қайталай береміз. Мен осыны апат арқылы көрсеткім келді», – дейді режиссёр Думан Еркімбек.
Фильмдегі ең әсерлі сәттердің бірі – бөгеттің қирау көрінісі. Голливудта мұндай кадрлар көбіне компьютерлік графика арқылы жасалса, қазақстандық түсірілім тобы бұл көріністерді шынайы түрде жасаған.

«Біз бөгетті өз қолымызбен төрт-бес рет тұрғызып, қайта-қайта жардық. Алғашында бәрі ойдағыдай шықпады, қайта жасауға тура келді. Бірақ көрерменге сенімді ету үшін шынайы кадрлар қажет болды. Бұл өте қиын, бірақ бізді шабыттандырған жұмыс болды», – дейді Думан Еркімбек.
Фильмнің түсірілімі Алматы облысында өтті. Картинаның көркемдік шешімдері үшін жауапты – Бекен Нарбай, ал продюсерлері – Жалын Тлеубергенов пен Талғат Сырманов. Басты рөлдерде: Жасұлан Көпберген, Шұғыла Ешенова, Айбек Әзімбек және Ермек Шынболатов.

Киноны өткізіп алмаңыз! «QAITADAN» 4 қыркүйектен бастап барлық кинотеатрларда!
2025-08-27 16:36