Жаңалықтар

«Шатырдағы екеу» фильмі Санкт-Петербургтегі кинодебюттер фестивалінің ашылуында көрсетілді

Санкт-Петербург қаласындағы «Ленфильм» кинотеатрында XXIII Халықаралық кинодебюттер фестивалі Эхо «Дух огня» салтанатты түрде ашылды.

Ашылу кешінің басты оқиғасы – режиссер Гүлшат Смағұлованың «Шатырдағы екеу» атты фильмінің арнайы көрсетілімі болды. Картина SMAG Production компаниясының бастамасымен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Көрсетілімге фестивальдің вице-президенті Мария Зверева қатысып, фильмді көрермендерге таныстырды. «Шатырдағы екеу» – тағдыры қиындыққа толы жас жігіт Дамир мен аутизм дертіне шалдыққан жасөспірім Костяның арасындағы достықты баяндайды. Шығармашылық топ картинада инклюзияның маңызын және ерекше балалардың қоғамға бейімделу мәселесін көтерген.

Бұған дейін «Шатырдағы екеу» фильмі Ханты-Мансийск қаласында өткен XXIII Халықаралық кинодебюттер фестивалінде жүлдеге ие болған еді. Бұл марапат туындының мәдени және тарихи құндылықтарды заманауи көркем әрі мазмұнды формада көрсете білуіне берілді.

Эхо «Дух огня» – Ресей Мәдениет министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылатын Югра мен Санкт-Петербург арасындағы мәдени ынтымақтастықтың көрінісі. Бұл шара Петербург Халықаралық экономикалық форумының мәдени бағдарламасының бір бөлігі ретінде кинодебюттер арқылы мәдениетаралық диалог пен халықаралық кино тілін дамытуға үлес қосуда.
2025-06-20 17:59