новости казакша

«SHULAMAH» фильмі жарыққа шықты

Астанадағы Mega Silk way орталығында «SHULAMAH» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Алматыда алдын ала көрсетілім 10 шілдеге жоспарланып отыр.

«SHULAMAH» – музыкалық драма жанрындағы туынды. Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ және Golden Man Media қолдауымен жарыққа шықты.

«Ұлттық киноны қолдау орталығы» ұлттық идеология мен патриотизм рухын насихаттайтын кинокартиналарға демеу көрсетіп келеді. Аталған фильм Қазақстанның музыка саласындағы прогрессивті жастардың көзқарасын баяндайды. Елімізде талантты жастар көп, бұл ретте Кино орталығы оларды қолдап, креативті индустрияны дамытуға көмектесуі керек деп есептейді.

Оның үстіне мемлекет тарапынан бұл мәселеге ерекше көңіл бөлініп келеді. Соның арқасында отандық киноиндустрия жаңа да жасампаз жолын қалыптастыруда. Атап айтсақ, 2023 жылдың өзінде 18 ұлттық фильм түсірілді, сондай-ақ былтыр жыл соңында тағы 18 киножоба іріктеліп, өндіріске жіберілді.

Бұған қоса биылдан бастап киногерлердің ұсынысы ескеріліп, Ұлттық киноны қолдау орталығының киножобаларды іріктеу конкурсына өзгеріс енгізілді. Сараптап қарасақ, биылғы конкурсқа біршама өтінім келіп түскен. Анимация, деректі, ойын фильмдері санаты бойынша 465 өтінім тіркелген. Осылайша, 101 сценарий келесі кезеңге жолданды, ал екінші кезеңде 87 жоба іріктелді. 18-20 маусым күндері аралығында питчинг өтті. Сараптама кеңесінің мүшелері ұлттық киноға сүбелі үлес қосатын кинокартиналарды іріктеуге бар күш-жігерін салды. Ал мемлекет кинематография саласына тұрақты қолдау көрсетуді жалғастыра бермек», – деп хабарлайды Ұлттық киноны қолдау орталығының баспасөз қызметі.

Айта кету керек, «SHULAMAH» фильмінің режиссері Айторе Жолдасқали «SHEKER» сериалымен танымал, ал Игорь Цайды Голливудтағы жобалары арқылы көпшілік біледі. Фильм сюжеті рэпер болуды армандайтын үш достың айналасында өрбиді. Олар «Сула» есімді продюсермен бетпе-бет келгенде, жетістікке жету жолында қиындықтарды еңсеру қажетін түсінеді. Дарынды актерлердің, соның ішінде Демеу Атымтаев, Досан Кеншімбаев пен Алмаз Мержақыповтың, сондай-ақ танымал музыкалық продюсерлер мен орындаушылардың қатысуымен «SHULAMAH» көрермендерді өзінің атмосферасымен таңғалдырады.

«Жоба продюсерлері басты кейіпкерлердің рөліне кәсіби актерлерді тартуға емес, кастинг өткізуге ден қойды. Осылайша, еліміздің түкпір-түкпірінен 300-ге жуық өтінім келіп түсті, бірақ таңдау Демеу Атымтаевқа, Досан Кеншімбаевқа және Алмаз Мержақыповқа түсті. Сондай-ақ, фильмге музыкалық продюсерлер мен әйгілі орындаушылар, соның ішінде: HIRO, VSXV Prince және Shiza атсалысты. Сонымен қатар эпизодтарда көрермендер Say Moны және бірқатар блогерлерді көреді», – деп атап өтті шығармашылық топ.

Айта кету керек, фильм 11 шілдеде ел кинотеатрларына жол тартады, ал 12 шілдеде музыкалық альбомның жарыққа шығуы жоспарланып отыр.