«Mūğalım» және «Таңдау» фильмдері XI Baiqonyr Film Festival бағдарламасына енді
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген қазақстандық екі фильм іріктеуден өтіп, XI Халықаралық дебюттік және қысқаметражды кино фестивалі — Baiqonyr Film Festival бағдарламасына енді. Фестиваль Алматыда 20-25 қыркүйек аралығында өтеді.
Фестиваль бағдарламасына режиссер Аяна Нурдинованың «Mūğalım» және режиссер Жаннат Алшанованың «Таңдау» фильмдері енді.
«Mūğalım» фильмі Балқаш қаласында тұратын музыка пәнінің мұғалімі туралы баяндайды. Кейіпкер үлкен қалаға көшуді армандайды. Арманына қол жеткізуге мүмкіндік туған сәтте оған өнерге адал болу мен өз өмір жолын таңдаудың арасында күрделі шешім қабылдауға тура келеді.
«Таңдау» фильмі 17 жастағы Мила туралы оқиға. Өз бетінше өмір сүруге және отбасындағы қиындықтардан арылуға ұмтылған қыз ашық суда жүзу командасына қосылады. Алайда командадағы орнын жоғалту қаупі төнген кезде, Мила өз мақсатына жету үшін қаншалықты тәуекелге дайын екенін анықтауы керек.
«Mūğalım» фильмінің көрсетілімі фестивальдің ашылу салтанаты аясында 20 қыркүйекте, ал «Таңдау» картинасы 22 қыркүйекте өтеді.
Халықаралық толықметражды фильмдер бағдарламасына Қырғызстан режиссері Шыңғыс Нарыновтың «Мерген» және Оңтүстік Корея режиссері Чо Хён Соның Winter Light фильмдері де енген.
Baiqonyr Film Festival — жас авторларды, кинематографистерді, кинотанушылар мен киносыншыларды біріктіретін дебюттік және қысқаметражды киноға арналған халықаралық фестиваль. Биылғы фестиваль бағдарламасында қысқаметражды фильмдердің ұлттық және халықаралық байқаулары, толықметражды фильмдердің көрсетілімдері, дәрістер, шеберлік сабақтары және киноиндустрия өкілдерінің қатысуымен кәсіби пікірталастар өтеді.
Фестиваль 25 қыркүйекте марапаттау рәсімімен және режиссер Абдолла Қарсақбаевтың «Алпамыс мектепке барады» фильмінің цифрландырылған нұсқасының көрсетілімімен қорытындыланады.