Жаңалықтар

«Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» тарихи драмасының түсірілімі басталды

2026-06-29 15:53
Алғашқы автомобиль, тұңғыш шоколад фабрикасы және ел болашағын өзгертуді армандаған жас кәсіпкер. Қазақ даласында кәсіпкерліктің негізін қалаған тұлғалардың тағдырынан шабыт алған «Қосшығұлов. Шоколад фабрикасы» атты тарихи драманың түсірілімі басталды. Туынды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілуде.

Фильм қазақ қоғамында кәсіпкерлік енді ғана қанат жайып, өндіріс пен сауданың жаңа дәуірі басталған кезеңді баяндайды. Заманауи бизнес ұғымы қалыптаспай тұрып-ақ Қосшығұловтар әулеті Ақмолада шоколад пен тәтті тоқаш өндіретін фабрика ашып, өндірісті жолға қойған. Олардың өмір жолы мен ағартушылық, кәсіпкерлік мұрасы жаңа көркем фильмге арқау болды.

Картина режиссері – Жандос Құсайынов, продюсері – Сұлтан Срайыл.
Түсірілім жұмыстары тарихи және сәулет ескерткіштері жақсы сақталған Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей Ордасы мұражай кешенінде және Орал қаласында өтеді. Бұл орындар ХХ ғасыр басындағы Ақмоланың келбетін шынайы бейнелеуге мүмкіндік береді.

Басты рөлдерді Елжан Тұрыс, Қадырғазы Қуандықов, Әділ Ахметов, Ержан Нұрымбет, Аяжан Жұмабек және өзге де актерлер сомдайды. Олардың қатарында 2025 жылы Кино орталығының ұйымдастырған республикалық кастинг қорытындысы бойынша жасақталған «Jarqyra» базасының актерлері де бар.

Фильм өндірісін 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.