ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық кино орталығының қолдауымен «Бүркітші» көркем фильмінің түсірілім жұмыстары басталды. Фильм Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясында түсірілуде.
Аталған жоба 2024 жылғы киножобалар питчингінің жеңімпазы атанып, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Сценарий авторлары – Қуаныш Стаханов, Ефрат Шәріпов. Қоюшы режиссер – Қуаныш Стаханов. Түсірілім алаңында шығармашыл жастар көп, бұл жоба жас дарындардың кәсіби өсуіне үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Фильмнің сюжеті өзекті әлеуметтік мәселелерді қамтиды. Аңға шыққан бүркітші Талғат жартастардың етегінен мектеп оқушысының денесін тауып алады. Оқиға орнына келген қалалық полиция қызметкерімен бірге олар тергеуді бастайды. Көп ұзамай бұл жағдай елді мекенде жасөспірімдердің жоғалуы мен қазаға ұшырауының алғашқы оқиғасы еместігі белгілі болады. Уақыт өте келе бұл тергеу Талғат үшін жеке іске айналады.
Фильм түсірілімінің басталуына арналған салтанатты шарада Ұлттық киноны қолдау орталығының төрағасы Құрманбек Жұмағали сөз сөйледі.
«Мемлекет мәдени, көркемдік және әлеуметтік маңызы бар жобаларды қолдайды. Шығармашылық топтың бұл жобаны жоғары жауапкершілікпен жүзеге асырып, қазақстандық көрерменге лайықты өнім ұсынатынына сенімдімін», – деді ол.
«Бүркітші» фильмі ұлттық киноөндірісті дамытуға және заманауи қоғамның өзекті мәселелерін көтеретін әлеуметтік маңызы бар контент жасауға бағытталған.
Айта кетейік, бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен 118 фильмнің өндірісі аяқталды.