Жаңалықтар

«Өзіңнен баста» жаңа жобасының түсірілімі басталды

2026-05-28 16:25
Алматы қаласында «Өзіңнен баста» атты жаңа жобаның түсірілімі бастау алды. Бұл – адамгершілік және өмірлік құндылықтарды қайта бағамдау тақырыптарын қозғайтын драма. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Фильм 2025 жылғы питчинг жеңімпаздарының бірі. Режиссері – Рашид Сүлейменов. Түсірілімнің басталуына арналған дәстүрлі «тәрелке шағу» рәсіміне Орталық басшылығы, актерлер және шығармашылық топ қатысты.

«Өзіңнен баста» — бүгінгі қоғам үшін маңызды адамгершілік және әлеуметтік мәселелерді көтеретін жоба. Фильмнің шығармашылық құрамында тәжірибелі мамандар. Жоба мемлекеттік қолдаумен жүзеге асырылып жатқандықтан, фильмнің сапалы әрі мазмұнды болуына ерекше көңіл бөлінеді. Картина көрермен көңілінен шығып, отандық кино саласында өз орнын табады деп сенемін», — деді Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Фильмнің басты кейіпкері — суық есеп қағидасымен өмір сүретін коллектор Ерген. Алайда көмекке мұқтаж 14 жастағы Іңкәрмен кездесуі оның өмірге деген көзқарасын өзгертіп, ішкі жан дүниесін қайта саралауға жол ашады.

Айта кетейік, жаңа фильмнің түсіріліміне 2025 жылы Кино орталығы ұйымдастырған «JARQYRA» республикалық кастингінің жеңімпаздары да қатысуда. Бүгінде кастингтен іріктелген актерлер Орталықтың жаңа жобаларына белсенді тартылып, кәсіби дамуға және еліміздегі маңызды киножобаларға қатысуға мүмкіндік алып отыр.