Жаңалықтар

Талақ» фильмі Шанхай кинофестивалінде үздік шықты

Қазақстандық режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі Шанхай халықаралық кинофестивалінде топ жарды.

Фестиваль маусым айының 14-23 аралығында өтті. Оған Франция, Аргентина, Испания, Германия, Иран, Қытай секілді елдердің туындылары да ұсынылды. Нәтижесінде «Үздік фильм» номинациясын қазақстандық «Талақ» фильмі жеңіп алса, осы кинода басты рөлді сомдаған Амира Омарова үздік актриса деп танылды.

«Бейімбеттің шығармасы арқылы жиырмасыншы-отызыншы жылдар – өліара кезеңдегі қазақтың мінезін, табиғатын, тұрмысын көрсеткіміз келді. Аталған фильмде сол кезеңдегі жаппай ұжымдастыру басталып, «социализмнің» ызғары суреттеледі. Ел арасында түрлі ұрандар да желдей еседі. Соның бірі – «әйелдерге бостандық». Осы ұранды желеу қылғандардың салқыны сан жұртқа тиеді. «Талақ» сөзі көркем туындыда мұсылман заңдылығымен ажырасуды ғана білдірмейді, сол кезеңдегі қазақ өміріндегі өмір сүру тәртібінен, дәстүрінен, көшпелі өмірінен еріксіз ажырауын да меңзейді. Халық «бостандық» деген ұранмен бостандығынан ажырап бара жатқанын астармен баяндайды.

Бейімбеттің шығармаларынан әлі күнге дейін толықметрлі фильм түсірілмепті. Көрші қырғыздар Шыңғыс Айтматовтың барлық туындысын киноға айналдырды. Бір ғана «Ақ кемесі» өзбек елінде бір, өз елінде екі қайтара түсірілді. Біздің басты қасіретіміз өзіміздің классиктерді бағаламау, өзімізге мән бермеу болып тұр. Соның ішінен сүзіп, жауһарды іздеп табу кемшін. Өйткені қазір режиссерлердің көбі Батысқа, орыс әдебиетіне қарайды, өзінің туған табиғатына, туған әдебиетіне үңіле бермейді. Сонымен Бейімбеттің басқа шығармаларын үңгіп қазып, ақтарып отырып, «Әже» және «Талақ» деген екі әңгімесіне ерекше қызықтым. Осы екі туындының басын қосып, сценарий жаздым», – дейді режиссер Данияр Саламат.

Айта кетейік, 2024 жылғы кинофестивальдің негізгі конкурстық бағдарламасына екі қазақстандық фильм кірген болатын. Соның бірі – толықметражды «Талақ» фильмі. Фильмнің Шанхай кинофестивалінде әлемдік премьерасы болды. Байқауға 105 ел мен аймақтан 3,7 мыңнан астам өтінім түсті. Іріктеу процесінің қорытындысы бойынша 29 ел мен аймақтан 50 фильм бес номинация бойынша «Алтын кубок» жүлдесін алу үшін таңдалды, оның 38-і әлемдік премьера болды.

Шанхай халықаралық кинофестивалі 1993 жылдан бері өткізіліп келеді. Туынды Мәдениет және ақпарат министрлігің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының демеуімен жарық көрді.
2024-06-24 13:46