Жаңалықтар

Киножобаларға қолдау: Бүгін питчингтің соңғы күні

Бүгін – Ұлттық киноны қолдау орталығы ұйымдастырып отырған киножобаларды іріктеуге арналған питчингтің соңғы күні. Биыл ашық қорғауға конкурстың екі кезеңінен сүрінбей өткен 99 жоба қатысып отыр. Барлық питчинг процесі Орталықтың ресми YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетілуде.

Сараптама кеңесінің мүшелері әрбір жобамен жеке танысып, олардың идеялық мазмұны мен драматургиялық сапасын жан-жақты бағалауда. Сараптама барысында келесі негізгі критерийлер ескерілді:

  • 2025 жылғы қаңтарда бекітілген басым тақырыптарға сәйкестігі;
  • Сценарий немесе сценарий жоспарының тұжырымдамалық деңгейі;
  • Сюжет динамикасы мен драматургиялық құрылымы;
  • Техникалық мазмұны және кейіпкерлер бейнесінің терең ашылуы.

Айта кетейік, биылғы конкурсқа өтінім қабылдау 13 наурызда аяқталған болатын. Жоба үш негізгі секция бойынша өтті: көркем фильм, деректі кино және анимациялық фильм. Барлығы 444 өтінім қабылданды, оның ішінде 357 жоба Сараптама кеңесіне жолданды. Нәтижесінде 128 жоба екінші кезеңге өтті, ал барлық құжаттарын толық тапсырған 99 жоба питчингке қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Питчингтің қорытындысы бойынша қай жобалар қолдауға ие болатыны алдағы уақытта жарияланады.