Жаңалықтар

Қазақстан мен Ресейдің мәдени байланысы: жаңа жобалар мен кино саласындағы ынтымақтастық

Елордадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Мәдени диалог: Қазақстан – Ресей» атты дөңгелек үстел өтіп, онда екі ел арасындағы мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ресей Федерациясының мәдениет министрі Ольга Любимова, сондай-ақ қос елдің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері қатысты. Аида Балаева мәдени әріптестіктің маңыздылығын атап өтіп, соңғы жылдары жүзеге асқан бірлескен жобаларға тоқталды.

«Соңғы жылдары музей ісі, театр және музыка өнері, кинематография мен мәдени білім беру салаларында үлкен ілгерілеушілік бар. Мәселен, Алматыда ТМД елдерінің V Жастар театр форумы өтті, «Астана Опера» театры Мәскеудегі үлкен театрда «Абай» қойылымымен сәтті өнер көрсетті. Сонымен қатар қазақстандық кинокартиналарды Ресейдің «Госфильмофонд» мұрағатынан цифрлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі – біздің рухани жақындасуымыздың нақты нәтижесі», – деді министр.

Ал Ресей мәдениет министрі Ольга Любимова өз сөзінде екі ел арасындағы мәдени байланыстың тарихи терең тамырына назар аударып, дөңгелек үстелдің идеясы жаңа жыл қарсаңында Мәскеуде өткен кездесу барысында туындағанын айтты.

«Қазақстанмен мәдени байланыс біз үшін қалыпты әрі маңызды дәстүрге айналды. Бұл – көпжылдық серіктестіктің көрінісі. Біз әріптестерімізбен бірге жаңа бағыттарды талқылауға дайынбыз. Біздің осы кездесудегі басты сөзіміз – достық. Қазақстан мен Ресей арасындағы шынайы достық – бұл тарихи негізі терең, бауырластыққа құрылған байланыс», – деді Ольга Любимова.

Жиында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали баяндама жасап, кинематография саласындағы бастамаларды тарқатты.

«Кинематография саласында қарқынды өзгеріс бар. Оған қазақстандық фильмдердің Ресейдің 22-ден астам кинофестиваліне қатысып, 34 марапатқа ие болғаны дәлел. Атап айтқанда, «Граждане крыши», «Бауырына салу» және екі елдің алғашқы бірлескен туындысы – «Тарлан» фильмі жоғары бағаланды. Мәскеуде өткен «Қазақ киносының күндері» аясында көрсетілген фильмдер мен Ресейдің 800-ден астам кинотеатрында кеңінен таралған отандық картиналар – мәдени ықпалдастықтың нақты жемісі», – деді Қ.Жұмағали.

Бүгін сондай-ақ Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ресей Федерациясының мәдениет министрі Ольга Любимова Мәңгілік достық аллеясының салтанатты ашылуына қатысты. Ашылу рәсіміне Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, дипломатиялық корпус пен қоғам өкілдері қатысты.