Жаңалықтар

Питчинг-2025: Сараптама кеңесі жобаларды сүзгіден өткізіп жатыр

9-12 маусым аралығында Алматыда Ұлттық киноны қолдау орталығы ұйымдастырған киножобалардың дәстүрлі питчингі өтіп жатыр. Биыл екі кезеңнен тұратын іріктеуден өткен 99 жоба питчингке қатысуға жіберілді. Барлық питчинг сессиялары ашық қорғау форматында өтуде және Орталықтың ресми YouTube арнасында онлайн көрсетіліп жатыр. Бұл конкурс барысының ашықтығы мен әділеттілігіне деген ұстанымды көрсетеді. Бұл орайда Сараптама кеңесі жұмысының объективтілігі де маңызды.


«Сценарийлердің көпшілігі жай ғана оқиға емес, автордың жеке көзқарасын білдіретін туындылар екені қуантады. Сонымен қатар, оқиғаның кино тілінде қаншалықты әсерлі жеткізілгені, құрылымы, визуалды шешімдері де маңызды. Бұл питчинг көркем кино саласында кең ауқымда ойлайтын, жауапкершілікпен қарайтын жаңа буынның қалыптасып жатқанын көрсетіп жатыр»,– деді Сараптама кеңесі төрағасының орынбасары Назира Мұқышева.

Деректі кино секциясы бойынша Сараптама кеңесінің мүшесі Нұржан Мұхамеджанова да қатысушылардың дайындығына жоғары баға берді.

«Питчингтің алғашқы күндері аяқталды және біз көптеген жобалардың жоғары деңгейде дайындалғанын, өзектілігі мен көркемдік әлеуетінің жоғары екенін байқадық. Қатысушылар питчингке жан-жақты дайындалған. Алдағы уақытта идея, мазмұнды ой үйлесім тапқан, терең ойластырылған концепцияларды таңдауға күш саламыз», – деді Нұржан Мұхамеджанова.

Сонымен қатар деректі кино секциясы бойынша Сараптама кеңесінің мүшесі Әлия Әшім авторлардың көзқарастары мен стильдердің әралуандығын атап өтті.

Питчингтің алғашқы күндерінен-ақ авторлардың көзқарастары мен стильдерінің әртүрлілігі анық байқалады. Қуантатыны, авторлар қалыпқа салмай, өз дүниетанымдары арқылы айтуға тырысады.. Бұл – мамандыққа деген шынайы қызығушылықты, көрерменмен тең дәрежеде «тілдесуге» деген ұмтылысты көрсетеді», – деді Әлия Әшім.

Питчинг 12 маусымға дейін жалғасады. Сараптамалық кеңес ұлттық киноны дамытуға үлес қосатын және көрермен жүрегінен орын алатын жобаларды іріктеуге бар күшін салып жатыр.