Жаңалықтар

Almaty Geek Games Expo фестивалінде «Тапқыр қыз» анимациялық фильмі таныстырылды

Алматыда фантастика, комикстер, бейнеойындар және поп-мәдениетке арналған Almaty Geek Games Expo 2026 фестивалі аясында «Тапқыр қыз» толықметражды анимациялық фильмі таныстырылды. Картина Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілуде.

Фестиваль барысында жоба авторлары анимациялық фильмнің алғашқы тизерін көпшілік назарына ұсынды.

«Тапқыр қыз» – 14 жастағы Айка есімді қыздың басынан кешкен шытырман оқиғалары туралы фильм. Ол ата-анасымен бірге ойын-сауық планетасына сапар шегеді. Алайда олардың саяхаты күтпеген жерден күрделеніп, отбасы бөтенғаламдық қауіпке тап болады. Айка ата-анасын құтқарып, туған планетасына төніп тұрған қауіп туралы ескертуі тиіс. Бұл жолда оған роботтандырылған мысық пен бөтенғаламдық серігі көмектеседі.

Жобаны Studio Cubic киностудиясы жүзеге асыруда. Фильмнің режиссерлері – Айдын Сахаман мен Расул Ғаитов, продюсерлері – Дамир Айникеев пен Анна Расщепко. Жобаның өндірісі мен кейіпкерлерді дыбыстау жұмыстарына қазақстандық белгілі актерлер де атсалысты.

Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – Motion Capture (қимылды түсіру) технологиясының қолданылуы. Бұл технология Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан анимациялық фильмде алғаш рет пайдаланылып отыр. Motion Capture актерлердің қимыл-қозғалысын дәл түсіріп, оны 3D кейіпкерлеріне көшіруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде анимацияның қозғалысы барынша шынайы әрі табиғи көрініс табады.

Толықметражды анимациялық фильмнің ресми премьерасы 2027 жылдың көктеміне жоспарланған.

Almaty Geek Games Expo – гик-мәдениетке арналған жыл сайынғы қазақстандық фестиваль. 2026 жылы Алматыда бесінші рет өткен шараның бағдарламасы аясында кино, ойын және креативті индустрия өкілдерімен шеберлік сабақтары, презентациялар мен кездесулер ұйымдастырылды.
2026-09-30 17:36