Жаңалықтар

«Мама, я живая» фильмі прокатқа шығады

3 қазанда Алматыда «Арман» кинотеатрында «Мама, я живая» фильмінің премьерасы өтеді. Кинокартинаның көрсетілімі фильмнің авторы, режиссер Азиз Заировты еске алуға арналады. Дәл осы күні фильм прокатқа шығып, Астана, Қарағанды, Талдықорған, Степногорск, Шымкент, Түркістан және Ақтау қалаларында көрсетіледі.

«Мама, я живая» Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген. Фильм – «Безграничные возможности!» кинотрилогиясының үшінші және соңғы бөлімі. Қызына лейкемия диагнозы қойылған кезде басты кейіпкер абдырап, баланы құтқаруға деген ұмтылысы нәтижесіз болады. Қызынан айырылған кейіпкер үлкен қайғыға душар болып, жан жарасын ештеңе емдей алмайды. Өмірдің мәнін іздеп, ол қызының досы болған жетім баланы қамқорлығына алуды шешеді. Бұл кездесу оның өмірінің жаңа кезеңінің бастауы болып, көрерменге ерекше әсер сыйламақ.

Фильм бірнеше беделді марапаттарға ие болған, олардың қатарында:

– Cannes 7th Art Awards кинофестивалі (Канн, Франция) Жібек жолы елдерінің Гран-приі;

– Халықаралық Будда кинофестивалінде Гран-при (Қызыл, Тыва);

– «Адамзат үшін ең жақсы фильм» сыйлығы rainbow International Film Festival (Лондон, Англия);

– «Тұлпар» ұлттық сыйлығының гуманизм сыйлығы (Алматы, Қазақстан).

Сонымен қатар фильм басқа да халықаралық сыйлықтар мен жүлделі орындарды иеленді. Азиз Заировтың өзі мүмкіндігі шектеулі адамдардың бірі болғандықтан, өмірін мүгедек балалар мен ересектерге көмектесуге арнаған. Оларды өз фильмдеріне түсуге жиі шақырған. Ол Қазақстанды әлемге таныта жүріп, көптеген адамдарға үлгі бола білді. Артында бай шығармашылық мұра қалдырды. Оның кинодағы еңбегі өзі өмірден өткеннен кейін де уақыт сынынан сүрінбей келеді.