Жаңалықтар

«Mūğalım» фильмі Сан-Себастьяннан кейін қазақстандық көрерменмен қауышады

Балқаштан басталған кинотуынды халықаралық кино әлемінің назарын аударғаннан кейін қазақстандық көрерменге жол тартады. «Mūğalım» фильмі 8 қазаннан бастап еліміздің кинотеатрларында кең прокатқа шығады.

Фильмнің әлемдік премьерасы 20 қыркүйекте Испанияның Сан-Себастьян қаласында өткен 74-ші халықаралық кинофестивальдің New Directors секциясында өтті. Бұл – әлемдегі ең беделді әрі тарихы терең «А» санатындағы кинофестивальдердің бірі. «Mūğalım» фестивальдің байқау бағдарламасына енген қазақстандық әйел режиссер түсірген алғашқы фильм болды.

Туындыны режиссер Аяна Нұрдинова түсірді. «Mūğalım» – оның толықметражды кинодағы режиссерлік дебюті. Фильмнің продюсері – Аружан Досымқожа, қоюшы операторы – Айгүл Нұрбулатова.
Фильмнің басты кейіпкері – Балқашта тұрып, еңбек ететін музыка пәнінің мұғалімі Жандос. Ол шәкірттерін жақсы көреді, музыкамен өмір сүреді және үлкен қалаға барып, өнерге толықтай ден қоюды армандайды. Бір күні оның арманына жетуге мүмкіндік туады. Бірақ бұл жолы Жандос алдында маңызды таңдау тұрады: өз арманын қуып, жаңа өмір бастау, әлде өзі үшін қымбат адамдардың жанында қалу.

Түсірілім Балқаш қаласында өтті. Рөлдерді Олжас Дәлелхан, Рүстем Жаныаманов, Шынар Жанысбекова, Ольга Ландина, Гүлнар Дусматова және басқа да актерлер сомдады.

Кең прокат қарсаңында фильмнің Алматыда арнайы көрсетілімі өтті. Кешке картинаның шығармашылық тобы, отандық кино саласының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, журналистер мен блогерлер қатысты.

«Mūğalım» фильмі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілді.