Жаңалықтар

«Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмінің жабық көрсетілімі өтті

3 маусымда Астанада «Жамбыл. Жаңа дәуір» фильмінің жабық көрсетілімі өтеді. 6 маусым күні туынды ел кинотеатрларына жол тартпақ. Фильм Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген.

«Кино – тәрбие құралы, өткен мен бүгінді, болашақты жалғайтын алтын көпір. Мемлекет басшысы атап өткендей, отандық киноның дамуына тың серпіліс қажет. Сондықтан мемлекет тарапынан өскелең ұрпаққа тарихымыз бен мәдениетімізді насихаттауға күш салынуда. Соның арқасында отандық киноиндустрия жаңа да жасампаз жолын қалыптастырып келеді. Тарихқа көз жүгіртсек, қай кезеңде, қай қоғамда да ақын-жыраулар өз дәуірінің болмыс шындығын жырлайды. Соның ішінде Жамбыл – қайталанбас тұлға. Ол өз туындыларында заманының ахуалын жырға қосты. Ақынның мол мұрасынан ұстанымдары мен идеологиялық бағыт-бағдары анық көрінеді.. Биыл 5 жылдығын атап өткен Ұлттық кино орталығының негізгі мақсаты – тарихтан сыр тартып, осындай тарихи тұлғаларымыздың жарқын мұрасын жас ұрпаққа насихаттау», – дейді Ұлттық кино орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Фильм ақын өмірінің соңғы 9 жылын қамтиды. Дәл осы кезеңде Жамбыл Жабаевтың аты бүкіл Кеңес одағына танылған болатын. Фильмде Жамбылдың өміріне әсер еткен оқиғалар баяндалады: ақындар слеті, ақын өлеңдерінің газеттер мен журналдарда жариялана бастауы, Ораз Жандосовпен, Сәкен Сейфуллинмен және тағы басқа қазақтың атақты қоғам қайраткерлерімен кездесуі.

«Басты рөлді сомдайтын актерді көп іздедік. Режиссер үшін ең маңызды болғаны – актер түр-әлпетінің ақын бейнесіне сәйкес келуі. Ол үшін біз басты рөлге үміткердің фотосуретін алып, оның түрін «қартайттық». Актерлар құрамына Алмас Шаяхметов, Анна Старченко, Асан Мәжіт, Ерік Жолжақсынов, Фархад Махмудов, Филипп Волошин мен Асылбек Айтиш кірді, – дейді режиссер Жандос Құсайынов.

Айта кету керек, «Жамбыл. Жаңа дәуір» тарихи картинасы 2021 жылы ақынның 175 жылдығы мерейтойы тұсында түсіріле бастады.