Қазақстандық фильм Гётеборг халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына енді
2026-01-26 18:30
Режиссёр Жаннат Алшанованың дебюттік фильмі «Победителей видно на старте» (Becoming) Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Accidental Films» ЖШС кинокомпаниясы тарапынан түсіріліп, Гётеборг халықаралық кинофестивалінің халықаралық конкурстық бағдарламасына енді. Бұл фестиваль Солтүстік Еуропадағы жетекші фестивальдік алаңдардың бірі болып саналады.
Картина Франция (Films de Force Majeure), Нидерланд (Volya Films), Литва (M-Films) және Швеция (Kjellson & Wik) елдерімен халықаралық копродукция аясында түсірілді.
Фильм оқиғасы ашық суда жүзу командасына қосылуды шешкен 17 жастағы Мила есімді қыздың тағдырын баяндайды. Ол осы жол арқылы тәуелсіз болуды және отбасындағы бейберекет жағдайдан шығуды көздейді. Алайда мәреге жақындаған сәтте оның өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін маңызды таңдау жасауына тура келеді.
Басты рөлдерді Тамирис Жангазинова (Мила), литвалық актер Валентин Новопольский, Асель Калиева және Медина Сағындықова сомдады.
«Победителей видно на старте» фильмінің әлемдік премьерасы 2025 жылдың тамыз айында Еуропадағы ең беделді кинофестивальдердің бірі –Локарно халықаралық кинофестивалінде өтті. Одан кейін туынды Пусан халықаралық кинофестивалінде (Оңтүстік Корея), сондай-ақ Таллин халықаралық «Қара түндер» кинофестивалінде (PÖFF) көрсетіліп, «Үздік балтық ко-продюсер» жүлдесіне ие болды.
«Победителей видно на старте» фильмінің Скандинавиядағы премьерасы 2026 жылы 27 қаңтарда өтеді және бұл туындының халықаралық фестивальдік жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болмақ. Аталған фестиваль Скандинавиядағы ең ірі кинофестиваль ретінде танымал әрі авторлық киноға, жаңа режиссерлік есімдерге және батыл көркемдік ізденістерге басымдық беруімен ерекшеленеді.