Жаңалықтар

Қазақстандық фильм Пусан халықаралық кинофестивалінде көрсетілді

«Победителей видно на старте» - режиссер Жаннат Алшанованың дебюттік фильмі. Отандық кино Азиядағы ең беделді кинофорумдардың бірі – Пусан халықаралық кинофестивалінің (BIFF) «A Window on Asian Cinema» бағдарламасында көрсетілді. Фильмді «Accidental Films» компаниясы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірді.

Жоба халықаралық копродукция аясында Франция («Films de Force Majeure»), Нидерланд («Volya Films»), Литва («M-Films»), Швеция («Kjellson & Wik») елдерімен бірлесіп жасалды және Сауд Арабиясы Корольдігі де киноға өз көмегін көрсетті.

Картинаның сюжеті – 17 жастағы Мила есімді қыздың өз арманын жүзеге асыру жолындағы күресін суреттейді. Ол ашық суда жүзу командасына қосылуға шешім қабылдап, тәуелсіздікке қол жеткізуді және отбасындағы хаостан құтылуды қалайды. Алайда мәреге жетер тұста оның өмірін өзгертетін таңдау жасауына тура келеді.

Басты рөлдерді Тамирис Жангазинова, литвалық актер Валентин Новопольски, сондай-ақ Әсел Қалиева мен Медина Сағындыкова сомдады. Фильмнің қоюшы – операторы атақты француз маманы Каролин Шампетье, ол Лео Каракстың «Аннетт» және «Әулие моторлар корпорациясы» фильмдерімен танымал.
Фильмнің түсірілімі 2024 жылдың тамыз–қыркүйек айларында Алматы қаласы мен Алматы облысында өтті. Постпродакшн жұмыстары 2025 жылдың жазында Франция, Нидерланд және Швецияда қатар жүргізілді. Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың тамыз айында «Победителей видно на старте» фильмінің әлемдік премьерасы Еуропадағы ең беделді кинофестивальдердің бірі – Локарно халықаралық кинофестивалінде өтті. Ал Азиядағы тұсаукесері Оңтүстік Кореяда 18–26 қыркүйек аралығында өтіп жатқан Пусан халықаралық кинофестивалінде ұйымдастырылды.

BIFF – Азиядағы ең ірі әрі беделді кинофорум болып саналады. Оның «A Window on Asian Cinema» бағдарламасы көрермендерді аймақ режиссерлерінің үздік жұмыстарымен таныстырып, заманауи азиялық кинематографияның негізгі бағыттарын көрсетеді. Фестиваль халықаралық премьераларға және фильмдерді әлемдік нарыққа ілгерілетуге маңызды алаң болып табылады.