Жаңалықтар

«Күнес» пен «Тапқыр қыз» Eurasian Film Market халықаралық форумына қатысты

«Күнес» және «Тапқыр қыз» фильмдері 29 қыркүйек пен 1 қазан аралығында Алматыда өткен халықаралық Eurasian Film Market киножәрмеңкесінде таныстырылды. Екі жоба да Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

30 қыркүйекте «Күнес» толықметражды фильмінің тұсаукесері өтті. Заманауи кинематографияның әлеуметтік және мәдени ықпалына арналған «Impact кино» панельдік сессиясында жоба командасы фильмнің тизерін алғаш рет көпшілік назарына ұсынды.

Фильмнің бас продюсері Әлихан Төлембек жобаның тұжырымдамасы, көркемдік шешімі мен тақырыбы туралы айтып берді.

«Күнес» – қазақ фольклорының мотивтері, ұлттық мәдениет элементтері мен дәстүрлі образдар заманауи экрандық шешім арқылы көрініс тапқан отбасылық фэнтези ертегі. Сюжеттің өзегінде – отбасы, есейу, өткенді есте сақтау және ұрпақтар сабақтастығы тақырыптарын қамтитын ғажайып сапарға аттанған жас кейіпкердің оқиғасы.

Eurasian Film Market аясында Studio Cubic киностудиясының толықметражды анимациялық «Тапқыр қыз» фильмі де бой көрсетті.

«Тапқыр қыз» – 14 жастағы Айка есімді қыздың басынан кешкен шытырман оқиғалары туралы фильм. Ол ата-анасымен бірге ойын-сауық планетасына сапар шегеді. Алайда олардың саяхаты күтпеген жерден күрделеніп, отбасы бөтенғаламдық қауіпке тап болады. Айка ата-анасын құтқарып, туған планетасына төніп тұрған қауіп туралы ескертуі тиіс. Бұл жолда оған роботтандырылған мысық пен бөтенғаламдық серігі көмектеседі.

Фильмнің режиссерлері – Айдын Сахаман мен Расул Ғаитов, продюсерлері – Дамир Айникеев пен Анна Расщепко. Жобаның өндірісі мен кейіпкерлерді дыбыстау жұмыстарына қазақстандық белгілі актерлер де атсалысты.

«Күнес» пен «Тапқыр қыз» туындыларының премьерасы 2027 жылдың көктеміне жоспарланған.
Eurasian Film Market – Орталық Азия, ТМД елдері және шетелдік нарықтардың киноиндустрия өкілдерін біріктіретін халықаралық кәсіби алаң. Киножәрмеңке отандық және шетелдік жобаларды ілгерілетуге, кәсіби байланыстарды дамытуға және кино саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.
2026-10-05 15:24