Жаңалықтар

«Граждане крыши» фильмі халықаралық фестивальда 9 номинация бойынша жеңіске жетті

Қазақстандық «Граждане крыши» фильмі Мәскеуде өткен Fashion Film Festival фестивалінде тоғыз номинация бойынша жеңіске жетті. Кинотуындыны Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының» қолдауымен «SMAG Production» киностудиясы түсірген.

Фильм үздік костюм (Елена Айтова), үздік музыка (Виктор Сологуб), екінші пландағы үздік әйел рөлі (Ольга Ландина), операторлық жұмыс (Александр Плотников), дыбыс режиссурасы (Руслан Сакиев), басты әйел рөлі (Лидия Ярышева), үздік грим (Татьяна Жамбакеева), продюсерлік жұмыс (Алия Шарипбаева) және креативті концепция (Гүлшат Смағұлова) аталымдары бойынша марапатталды.

«Fashion Film Festival – 2025 жылы Ресейде алғаш рет өткізілген халықаралық фестиваль. Ол кино мен визуалды өнер саласындағы шығармашыл мамандарды біріктіреді. Фестивальда Ресей, Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан, Латвия, Армения және Израиль елдерінен келген қатысушылар бас қосты. Маңызды фестивальда жеңіс тұғырынан табылғанымызға қуаныштымыз», – дейді шығармашылық ұжым.

«Граждане крыши» – режиссер Гүлшат Смағұлованың тұңғыш режиссерлік дебюті. Ол 15 жылдан астам кино өндірісі саласында жұмыс істеп келеді. Фильмнің сценарий авторы – Жанна Тимофеева, қоюшы суретшісі – Елена Айтова, ал қоюшы операторы – Александр Плотников. Түсірілім Алматы қаласы мен Алматы облысы Талғар ауданында жүргізілген. Фильм өткен жылы қазақ және орыс тілдерінде прокатқа шыққан. Туындыда тағдыры қиындыққа толы жас жігіт Дамир мен аутизм дертіне шалдыққан жасөспірім Костяның арасындағы достық баяндалады. Шығармашылық топ картинада инклюзияның маңызын және ерекше балалардың қоғамға бейімделу мәселесін көтерген.