ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының бастамасымен жүзеге асып жатқан қазақ киносының онкүндігі өз жалғасын Жетісу облысында тапты. Аталған бастама еліміздің түрлі өңірлерінде, соның ішінде шалғай елді мекендерде отандық киноны кеңінен насихаттауға бағытталған.
Жетісу облысындағы шараның ашылу салтанаты І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Іс-шара аясында көрермендерге атақты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының тағдырын бейнелейтін тарихи-патриоттық «Қажымұқан» фильмі ұсынылды. Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау орталығының қолдауымен түсірілген.
Кино күндерінің ашылуында Ұлттық кино орталығы жанындағы Сараптама кеңесінің мүшесі, медиаменеджер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Мұхамеджанова бастаманың көрерменге берер пайдасын жан-жақты тарқатты.
«Бұл бастама – Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ министр Аида Ғалымқызының жүйелі қолдауының нәтижесі. Мақсат – мемлекет қолдауымен түсірілген отандық туындыларды кеңінен таныстыру, әсіресе ауылдағы ағайынға ұлттық киноның жаңарған келбетін көрсету. Бұған дейін мұндай көрсетілімдер Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарында өтті. Ендігі кезекте онкүндік Жетісу облысында жалғасуда.
Көрсетілім халқымыздың даңқты ұлы Қажымұқан туралы патриоттық фильмнен басталмақ. Бұл – ұлттық рухты көтеретін, жастарға үлгі болатын туынды деп білеміз», – деді Н. Жалауқызы.
Шарада Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сұлтанұлы қазақ киносы онкүндігінің өңірде өткізілуінің маңызын атап өтіп, оның мәдени құндылықтарды сақтау мен жастардың патриоттық санасын қалыптастыруға қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті.
«Бұл бастама – тек кино көрсету емес, ұлттық сана мен тарихи жадымызды жаңғырту жолындағы маңызды қадам. Әсіресе, ауыл-аймақтағы көрерменге осындай фильмдердің көрсетілуі жастардың туған еліне деген сүйіспеншілігін арттырады. Жетісу облысы әрдайым отандық мәдениет пен өнерге қолдау білдіріп келеді және бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады», – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар жиынға фильмнің режиссері Қанағат Мұстафин мен басты рөлдердің бірін сомдаған актер Диас Төлепберген арнайы қатысып, көрерменмен жүздесті. Режиссер өз сөзінде фильмнің ерекшелігін былай баяндады:
«Қажымұқан – бұл жай ғана тарихи тұлға емес, ол – қазақтың рухының символы. Біз оның тек спорттағы жетістіктерін ғана емес, ішкі жан дүниесін, адамдық қасиетін де көрсетуге тырыстық. Фильмнің кей көріністері дәл осы Жетісу жерінде түсірілді – бұл біз үшін символдық мәнге ие».
Кино күндері аясында әртүрлі жанрдағы фильмдер ұсынылмақ. Жекелей жіктесек, «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Дос-Мұқасан» арқылы тұлғаларымыздың жүріп өткен жолына қанығуға болады. Ал «Бауырына салу» деп аталатын кинода дәстүріміз дәріптеліп, ұлтқа деген сүйіспеншілік сезімі еселенбек. Кішкентай көрермендерге «Тайқазан» деп аталатын анимациялық туынды көрсетіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Кино орталығының қолдауымен 117 картинаның өндірісі аяқталған. Оның 72-сі – көркем, 37-сі – деректі, 8-і – анимациялық фильмдер.