Ақмола облысында «Менің кішкентай патшалығым» толықметражды көркем фильмінің түсірілімі басталды
Ақмола облысында «Менің кішкентай патшалығым» толықметражды көркем фильмінің түсірілімі басталды. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда.
Түсірілім жұмыстарының басталуына орай фильмнің шығармашылық тобы, актерлік құрам мен түсірілім тобының қатысуымен дәстүрлі «тәрелке шағу» рәсімі өтті.
«Менің кішкентай патшалығым» – адам жанының нәзік иірімдері мен шынайы қабылдаудың күшін арқау еткен психологиялық драма.
Фильмнің басты кейіпкерлері – балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан Жәнібек пен аутизм спектрінің бұзылысы бар Айша есімді қыз. Мінездері мен өмірлік тәжірибелері әртүрлі болғанымен, олардың арасында бір-бірінің тағдырына әсер ететін ерекше достық қалыптасады. Айша басқа орталыққа ауыстырылғаннан кейін, Жәнібек алғаш рет өзге адам үшін жауапкершілік алып, оны іздеуге аттанады. Бұл сапар екі кейіпкер үшін де өзара түсіністікке, есейіп, өмірдегі шынайы бақытты іздеуге бастайтын жолға айналады.
Картина маңызды әлеуметтік мәселелерді көтере отырып, шынайы қамқорлықтың негізі – адамды қандай болса, сол қалпында қабылдай білуде екенін көрсетеді. Фильм өзара қолдау, сенім және әлемге өзге адамның көзімен қарай білу туралы сыр шертеді.
Фильмді «Blockbuster Production» ЖШС кинокомпаниясы жүзеге асыруда. Режиссері – Халлиола Рамазан. Түсірілім Ақмола облысында өтіп, кейін Астана қаласында жалғасады.