Жаңалықтар

ШЫҰ елдерінің кинофестивалінде Қазақстан атынан «Күзгі самал» фильмі қатысады

20216 жылғы 16 шілдеде Қырғыз Республикасының Шолпан-Ата қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) елдерінің халықаралық кинофестивалі өз жұмысын бастады. Биылғы кинофорум Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр, іс-шара 16-19 шілде аралығында өтеді.

Фестивальге ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ресми делегациялары, кинематографистер, продюсерлер, кино ұйымдарының өкілдері мен салалық ведомстволар қатысуда. Негізгі байқау бағдарламасына Қазақстан, Беларусь, Иран, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның заманауи ұлттық киносын танытатын сегіз толықметражды көркем фильм кірді.

Қазақстан атынан негізгі байқау бағдарламасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген «Күзгі самал» толықметражды көркем фильмі ұсынылды.

Фильм жұбайынан айырылғаннан кейін теңіз жағасында оңаша өмір сүріп жатқан қарт Асановтың тағдырын баяндайды. Өзіне қол жұмсамақ болған жас қызды құтқаруы екеуінің де өмірін түбегейлі өзгертіп, махаббат пен жанашырлықтың адамға өмірдің мәнін қайта табуға көмектесетінін көрсетеді.

Байқау көрсетілімдерінен бөлек, фестиваль аясында қатысушы елдердің ұлттық кинопанорамасы, Қырғызстанның халық әртісі, кинооператор Қадыржан Қыдыралиевке арналған ретроспективалық бағдарлама, арнайы мәдени іс-шаралар, сондай-ақ кинематография саласындағы ынтымақтастықты дамыту, бірлескен кино өндірісі және кәсіби тәжірибе алмасу мәселелеріне арналған халықаралық дөңгелек үстел өтеді.

Байқау бағдарламасын ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің киноиндустрия өкілдерінен құралған халықаралық қазылар алқасы бағалайды. Оның құрамына Қазақстан атынан Кино орталығы жанындағы Сараптама кеңесінің төрағасы Бауыржан Шүкенов енген.

ШЫҰ елдерінің халықаралық кинофестивалінің жеңімпаздары 19 шілде күні өтетін салтанатты жабылу рәсімінде жарияланады.
2026-07-17 15:04