Жаңалықтар

Астанада "Соңғы үкім" фильмінің жабық көрсетілімі өтті

Дереккөз: Астана СМИ24
Астанада «Соңғы үкім» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Картинаның сюжеті Ахмет Байтұрсыновтың өмірінің барлық кезеңдерін қамтиды. Толықметражды драманы Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Folklore media түсірген.
Көрсетілімде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы тарихи фильмдер – ұрпақ санасын қалыптастыратын идеологиялық құрал екенін баса айтты. Мұнда режиссер, продюсер Ғалым Доскен, Ерген Тоқмурзин, Ерлан Нұрмұхамбетов секілді режиссерлердің ізденісі жатыр.
«Ұлттық патриотизмді оятатын тарих ғана. Тәуелсіздік те терең тарихтан тамыр алып, болашаққа бастайды. Мұны Алаш алыптарының өзі шегелеп айтып, жазып кеткен. Біз де осындай тағылымға толы, өнегемен көмкерілген туындылардың артуын қалаймыз. Биыл 5 жылдығын атап өткен Ұлттық кино орталығы министрлікпен бірлесе осы бағытта отандық киноиндустрияны өркендетуге күш салатын болады», – деді Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.
Фильмнің түсірілімі Алматы, Семей қалалары мен Абай, Алматы, Жетісу облыстарында ұйымдастырылған. Ал түсірілім тобын Ерлан Нұрмұхамбетов пен Ерген Тоқмурзин басқарды.

«Ахмет Байтұрсынов – ХХ ғасыр басындағы интеллектуалдар көтерілісінің бел ортасында жүрген саясаткер. Ғылым, әдебиет, журналистика салаларындағы еңбегі ерен. Мұндай біртуар тұлғаның образын экранда жасап, сомдау оңай емес. Ахаң ғылымға ғашық, рухани жетілген, кемел адам болған. Жалпы, кез келген фильмді бастағанда осындай сезім бой түзейді. Бірақ, біз бұл жобаға барынша дайындалып келдік және де Ахаңды тану фильмді түсіру барысында да өз жалғасын тапты. Біз Ахаң ғұмыр кешкен уақыт пен кеңістікте өмір сүруге барымызды салдық», – дейді Ерген Тоқмурзин.

Айта кету керек, фильмде басты рөлді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды сомдайды. Сондай-ақ, картинаға Назгүл Қарабалина, Александр Багрянцев және Ерлан Кәрібаев түскен.