Алматыда «Тұлпар» IV ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты шараға отандық кинематографистер қатысып, көрермен көңілінен шыққан картина авторларын құттықтады.
Оқ бойы озық шыққан фильмдердің қатарында Ұлттық кино орталығының туындылары бар. «Үздік фильм» аталымын «Бауырына салу» фильмі еншіледі. Енді ол «Оскар» премиясына ұсынылады.
Келесі кезекте үздік режиссерлық жұмыс үшін «Дала қасқыры» фильмі марапатталды, ал фильмнің басты кейіпкері Берік Айтжанов «Үздік актер» номинациясын алды. «Жел тоқтаған жер» фильмі үздік композитор, үздік сценарий категориялары бойынша топ жарып отыр.
Еске салайық, «Тұлпар» байқауы биыл төртінші мәрте өткізіліп жатыр. 2016, 2017, 2018 жылдардағы байқаудан кейінгі үзілістен кейін ол биыл қайта қолға алынған болатын. Байқауға жалпы саны 59 толықметражды фильм ұсынылды.