Жаңалықтар

«Пряники для её отца, моего прадеда, её деда» фильмі Панамадағы кинофестивальдің байқау бағдарламасына енді

Режиссёр Алина Мустафина түсірген «Пряники для её отца, моего прадеда, её деда» атты деректі фильм Орталық Америкадағы Панама қаласында өткен 10-шы халықаралық кинофестивальде көрсетілді. Фестиваль 13-тен 17 тамызға дейін өтті. Әлемнің әр елінен көптеген фильм ұсынылды, бірақ олардың ішінен тек 50 фильм ғана байқауға іріктеліп алынды.

Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық кино мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген. Кинокартинаны UVENT production кинокомпаниясы түсірді. Бас продюсерлері – Ақжол-би Сәрсембаев пен Еркежан Мақсұт.

Фильмде Лябиба есімді кейіпкер 1944 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қайтыс болған әкесінің қабірін іздейді. Туынды түп-тамырын танығысы келген әрбір адам үшін жан тебірентерлік. Бұл жоба бұған дейін де халықаралық деңгейде мойындалып үлгерді – фильмнің әлемдік премьерасы Пусан кинофестивалінде, еуропалық премьерасы Туринде өтті. Кинокартина Тегеранда өткен Cinéma Vérité фестивалінде «Үздік халықаралық фильм» жүлдесін жеңіп алған болатын. Сондай-ақ АҚШ-тағы Asian American International Film Festival-де арнайы сыйлық алды, Италиядағы Bolzano және ORAI фестивальдеріне де қатысты.

Canal de Panama фестивалі – Шығыс пен Батыс елдерінің кинорежиссёрлерін біріктіретін маңызды мәдени шара. Бұл жерде көркем, деректі, анимациялық және студенттік фильмдер көрсетіледі. Барлық фильмдерде адам тағдыры, отбасы, тарих сияқты маңызды тақырыптар қозғалады.