Жаңалықтар

7 тамыздан бастап прокатта: «Joqtau» – туған жерге оралу туралы драма

7 тамызда Қазақстанда толықметражды драмалық «Joqtau» фильмі прокатқа шығады. Бұл – режиссер Аруан Анартайдың дебюттік толықметражды картинасы. Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

Фильм шетелде ұзақ уақыт өмір сүрген жас қазақстандық ғалымның тағдырлы шешім алдында тұрып, отанына оралуы жайлы баяндайды. Бұл – философиялық роуд-муви, оның оқиғасы қазақ даласында өрбиді. Сюжет негізінде режиссердің автобиографиялық тарихы жатыр.
«Мен атамнан айырылған кезде өте ауыр болды. Екеуіміздің арамызда ерекше байланыс бар еді. Сол кезде мен қысқаша синопсис жаздым, бірақ ол ұзақ уақыт сөреде жатты. Бұл оқиға – менің жеке жоқтауым, қасіретті қабылдаудың тәсілі. Фильмге қадам басуға жарым Катя қатты көмектесті», – дейді режиссер.

Фильм халықаралық кинофестивальдерде үлкен танымалдыққа ие болды. Маусым айында өткен III Бішкек халықаралық кинофестивалінде «Joqtau» KyrgyzBox бағдарламасы аясында «Үздік режиссура» номинациясымен марапатталды. Осындай марапатқа фильм Алматыдағы 17-ші Eurasia Film Festival-де де ие болды. Сонымен қатар, кинокартина беделді Locarno Film Festival-дегі Concorso Cineasti del presente конкурстық бағдарламасына қатысып, кейін Гонконг, Бразилия, Колумбия және АҚШ-тағы фестивальдерде, соның ішінде Seattle International Film Festival-де көрсетілді.
Фильмнің операторлық жұмысын Айгүл Нұрболатова, қоюшы-суретші міндетін Аяна Нұрдинова атқарды. Басты рөлдерде Исбек Әбілмажинов («Қаш», «Патриоттар уақыты») пен Ермек Шынболатов («Дәстүр») ойнады. Жобаның продюсерлері – Аружан Досымқожа мен Александра Сытник.