Жаңалықтар

«Ева. Батыр қыз» Ресейде өткен халықаралық кинофестивальде таныстырылды

«Ева. Батыр қыз» деректі фильмі Ресейдің Коми Республикасының астанасы Сыктывкар қаласында өткен ТМД елдерінің халықаралық кинофестивалі аясында көрермен назарына ұсынылды. Фестиваль бағдарламасына көркем, деректі, толықметражды және қысқаметражды фильмдермен қатар қазақстандық картина да енді.

«Ева. Батыр қыз» – кокпаршы қыз Ева Жигалинаның тағдырын арқау еткен шабыттандырарлық деректі драма. Фильм – бала кезінен дала өркениетінің рухын бойына сіңіріп өскен, сүйікті ісімен айналысу құқығын қорғаған қайсар қыздың қайталанбас оқиғасы.
Фильм Темірбек Аманжолдың режиссерлік дебюті. Картина Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Black & White Production компаниясы тарапынан түсірілген.

Картина бұған дейін де халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағасын алған. 2023 жылы «Ева. Батыр қыз» Brussels Capital Film Festival фестивалінде Best Short Documentary жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ фильм Лос-Анджелесте өткен Synergy Film Festival фестивалінде бірқатар жүлдемен марапатталған.
2026-08-24 17:29