Жаңалықтар

Кино орталығы қолдаған фильмдер халықаралық Lendoc Film фестиваліне қатысады

Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілген фильмдер V халықаралық Lendoc Film Festival фестиваліне қатысады. Аталған фестиваль 23-27 тамыз аралығында Санкт-Петербургте өтпек.
Фестивальді бес жылдан бері «Лендок» Ашық киностудиясы «Кинокультура» АҰО-мен бірлесіп өткізіп келеді. Биыл да оған Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі, Президенттің мәдени бастамалар қоры және Санкт-Петербургтің Мәдениет комитеті қолдау танытты.
Ресей мен ТМД елдерінің IV халықаралық кинофестивалінде үміткерлер көп. Байқауға Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Үндістан, Италия және Аргентина елдерінен 11 фильм іріктелді. Биылғы сайысқа әлемдік А класындағы ең ірі фестивальдерде тұсауы кесілген фильмдер кірді.
Олардың қатарында қазақстандық үш фильм бар: «Жел тоқтаған жер», «Бауырына салу» және «Айқай» фильмдері. «Жел тоқтаған жер» – режиссер Ардақ Әмірқұловтың қолынан шыққан туынды, премьерасы Black Nights халықаралық премьеарасында өткен. Асхат Кучинчирековтың «Бауырына салу» фильмі қазақ халқының ежелгі дәстүрін тарқатады, оның премьерасы Сан-Себастьян халықаралық фестивалінде болды. Ал режиссер Кенжебек Шайқақовтың «Айқай» фильмі бұған дейін Пусандағы халықаралық кинофестивальде көрсетілген болатын.

Қазылар алқасының жұмысының қорытындысы бойынша үздік көркем фильмге, үздік режиссерге, үздік актерге, үздік әйел рөліне, үздік фантастикалық фильмге, сондай-ақ Lendoc старт санатындағы үздік студенттік фильмге жүлде тағайындалады.