Жаңалықтар

Соғыстағы оператор қыздардың ерлігін бейнелейтін фильм прокатқа шығады

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай «Қара қыз» фильмі прокатқа шығады. Кинотуынды Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша Ұлттық кино орталығының қолдауымен түсірілді. Режиссері – Талғат Теменов.

Фильмге арқау болған оқиға Ұлы Отан соғысы кезінде орын алған. Бір колхоздан шыққан үш дос Асқарбек, Қарабай және Гриша майданға аттанады. Олардың артынан Асқарбектің әкесі Мұратхан да кетеді, ол майданда ұлын табуға тырысады. Сөйтіп ауылда тек әйелдер ғана қалады. Ауылда тек Бекжұм есімді бригадир болады. Оның ауыл астығын қарақшыларға сатып жатқанын ауылдың Шолпан есімді тұрғыны көріп қояды. Шолпан ұрлықшыларға астық соғыста жүргендерге арналғанын айтып, қарсы шығуға тырысады. Бірақ ол қарақшылардың қолынан қаза табады.
Фильмде басты рөлдегі «Қара қыз» да ағасы мен ғашығы Асқарбектің артынан соғысқа аттанады. Оның шын есімі – Алмагүл. Алмагүл алдымен Алматыға кинорежисер оқуына түседі. Кейін ол соғыс операторы ретінде майдан алаңына аттанып, соғысты камерасына түсіреді. Сөйтіп күндердің бір күнінде Алмагүл объективі арқылы соғыс алаңында сүйіктісі Асқарбекті байқап қалады. Шығармашылық ұжымның айтуынша, бұл – махаббат, достық, патриотизм туралы туынды.

«Қара қыз» – қаһармандық туралы фильм. Соғыс жылдарының шындығымен қатар қан майдан ортасында жанкешті ерлік көрсеткен батырларымыз бен тылда жүріп қыруар еңбек тындырған азаматтардың адами құндылықтары, достық пен махаббат сынды аяулы сезімдерін баяндайды. Соғыстың қасіреті, адамзат жанына салған жарасы ешқашан жазылмақ емес. Сол секілді осынау бейбіт өміріміз үшін жанын беріп, майдан даласында қыршыннан қиылған боздақтардың ерен еңбегін де мәңгілік жадымызда сақтау – парызымыз», – дейді Талғат Теменов.
Фото: " Акмолинская правда " газеті
Сонымен қатар режиссер соғысқа қазақтың 7 қызы оператор болып кетіп, өкінішке қарай қайта оралмағанын, бұл туынды майданнан қайтпаған аруларды еске түсіретін туынды екенін баса айтты. Фильм идеясын ең алғаш ұсынған – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш кәсіби режиссер Дариға Тінәлина.