Іс-шаралар

Отандық кино саласындағы білімнің болашағы туралы

Болашақ мамандығын кино индустриясымен байланыстыруды жоспарлап жүрген жас журналистер, сыншылар мен сценаристерді кім және қалай дайындайды? Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унивеситетінде өткен пікірталас алаңының басты тақырыбы осындай болды.
Дөңгелек үстелдің спикерлері – ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, ҰКҚМО Басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев, Қазақстан киносыншылары қауымдастығының Президенті Гүлнара Әбікеева, ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев, кинодраматург және режиссер Әсия Байғожина, актер әрі сценарист Нұрлан Санжар, сондай-ақ ҰКҚМО Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Шөкенов.
Пікірталас алаңының ашылуында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев отандық кино өндірісі үшін мамандар даярлауға қуатты серпін бере алатын еліміздің жетекші жоғары оқу орнының зор әлеуетін атап өтті.
Ж. Түймебаев: «Биыл журналистика факультетінің баспа және электронды БАҚ кафедрасында бакалавриат деңгейінде «Кино&Медиа» білім беру бағдарламасы ашылды. Бұл бағдарлама кино және медиа саласында заманауи креативті өнімді жасауға қабілетті кадрларды даярлауға бағытталған. Сондай-ақ, оқу процесіне біз «кино тарихы», «кинодраматургия» және «кинорецензия» сияқты пәндерді енгіздік».
Киноорталық басшысы Есетжан Қосыбаев өз кезегінде киноиндустрияны дамытуда академиялық білім берудің маңыздылығына назар аударды. Білім беруді дамытудың өзекті бағыттарына назар аудара отырып, университет қабырғасында теорияны практикамен ұштастыратын оқу-өндірістік хаб ашуды ұсынды.
Е. Қосыбаев: «Біз жоспарлап отырған жұмыс белгілі бір әдістемеге және біздің қайда шығатынымыз, бұл әрекеттерді не үшін жасайтынымыз туралы түсінікке негізделуі тиіс. Негізгі міндет – болашақ мамандарды кәсіби деңгейде дайындау. Әрине, біз бұл бағыт бойынша артта қалып бара жатқанымызды көріп отырмыз. Сондықтан биыл біз алғаш рет ҰКҚМО бюджетіне білім беру мен кадрларды даярлауға арналған шығыстарды енгіздік. Алдағы уақытта біз өз өтінімдеріміздегі қаражат мөлшерін біртіндеп ұлғайтатын боламыз. Серіктестерге келетін болсақ, бүгінде елімізде Т. Жүргенов атындағы Академия, «Тұран» университеті бар, дегенмен, біздің ынтымақтастығымыз қуатты ғылыми және материалдық-техникалық базасы бар ҚазҰУ-дан басталғанын қалаймын, енді тек оқыту үшін үздік инновациялық технологияларды тарту қажет».
Спикерлер Қазақстандағы заманауи киноиндустрияның даму ерекшеліктеріне тоқталып, бүгінде кино саласындағы мамандарды даярлау жүйесін қайта қарау, киножурналистика және сценарий шеберлігі сияқты пәндерде оқу процесін жетілдіру қажеттігін атап өтті. Өнертану докторы, ВГИК кинотану факультетінің түлегі Гүлнара Әбікеева сценаристер мен кинотанушыларды даярлауда неліктен сәтсіздікке ұшырадық деген мәселені көтеріп, тарихқа шолу жасады.
Г.Әбікеева: «1996 жылы Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-дағы кинотанушылар мен киносыншылар шеберханасына студенттерді жинадым. Басында он адам болды, оның жетеуі қорғауға шықты. Бұл жаман емес. Бірақ, бұл менің орыс тіліндегі кинотанушылар шеберханасының жалғыз түлектері болды. Бүгінгі таңда ҚазҰӨА қазақ тіліне баса назар аударады. Орыс тілді сценаристермен де солай болды. Менімен қатар Лейла Ақынжанова (ВГИК сценарий факультетін бітірген) шеберханасын жүргізді. Ол да бүгінде кино мен теледидарда өте белсенді жұмыс істеп жүрген сегіз түлекті шығарды. Мен соңғы жылдары орыс тілінде осындай студенттер жинағының болмағанын атап өтемін.
Енді статистикаға келетін болсақ, драматургиялық білімі бар бізде қанша маман бар? Ең көп дегенде онға жуық дипломы бар драматургтарды (ВГИК қана емес, сонымен қатар Жоғарғы курстарды қоса алғанда) атай аламыз. Бес жыл бұрын біз Қазақстан киносыншылары қауымдастығын құрдық, бүгінгі таңда оның құрамында 18 адам бар, олардың арасында базалық білімі бар адамдар өте аз. Бұл тұрғыда мен, әрине, кинотанушыларды, кино туралы жазатын журналистерді, сондай-ақ драматургтер мен сценаристерді даярлау идеясын қолдаймын. Кино процесін бақылап тұратын мұндай мамандар бізде шынымен өте аз.
Мен қазір жаңа «Медиа және кино» мектебі ашылған AlmaU-да (Алматы Менеджмент Университеті) сабақ беремін. Ал келесі жылы сол жерде киносыншылар шеберханасын (тәжірибелік топ) ашу жоспарлануда, онда мен шеберлік сыныптарын қуана-қуана өткізетін боламын».
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында сабақ беретін танымал кинодраматург және режиссер Әсия Байғожина Гүлнара Әбікееваның мамандарды даярлау сапасы жайлы айтқан сөздерін қолдады.
Ә.Байғожина: «Сценаристердің жетіспеушілігі бар екенін мойындау керек. Қазақ тілінде өте қызықты жазатын кейбір жас жігіттер мен қыздар бар, бірақ олар кинода жұмыс істемейді, көбінесе танымал веб-сериалдарды шығарады және сол себепті олар интернетте маңызға ие.
Екінші жағынан, бізде жыл сайын ана тілінде кәсіби білімді қажет ететін қазақтілді талапкерлердің саны артып келе жатқанын ескеру қажет. Бірақ мемлекеттік тілде жазылған сапалы әдістемелік база жоқ. Жыл сайын біз драматургтерді шығарамыз, бірақ соңғы үш жылда драматургия бойынша бір ғана кітап қазақ тіліне аударылған. Бұл ретте менің Қазақ өнер академиясындағы студенттерім аударманың ауыр екенін және оларға орыс тілінде оқу түсініктірек екенін айтады.
Академия 25 жылға жуық қызмет етіп келеді, бірақ, мемлекеттік тілде драматургия бойынша оқулықтар жоқ. Меніңше, үлкен сәтсіздік деген осы. Біздің кинода туындайтын көптеген қиыншылықтар жақсы драматургияның жоқтығынан. Шын мәнінде, Кулешов, Эйзенштейн, Тарковскийдің кітаптарынан бастап, керемет шетелдік драмалық оқулықтарға дейін әлемнің барлық кино мектептері қолданатын керемет жұмыстар жетіп жатыр».
С. Мәдиев: «Кино – бұл ең алдымен рухани байлық. Біз бұл байлығымызды жоғалтып, соңғы жылдары ғана осы нишаны қайта толтыруға тырысып жатырмыз. Барлық көтеріліп отырған мәселелердің маңызы зор. Бізде кинодраматургия әлсіреп тұр, ал киносыншылар мүлдем жоқ, әсіресе қазақ тілділер аз. Бұл өте маңызды және өзекті мәселе. Мұнда айтылып жатқандардың бәрі де маған ұнайды, біз әріптестерімізді қолдауға дайынбыз».
Б. Шөкенов: «Біз неліктен Қазақстанның жетекші жоғарғы оқу орындарының бірі ҚазҰУ-ға жүгінгенімізді тағы да айта кетейін. Кино – бұл өте маңызды сала, академиялық тәсілдерсіз индустрияны одан әрі жылжытуға болмайды. Біріншіден, бізді сценарий және драматургия саласындағы білім мәселелері ойландырады. Екіншіден, киносыншылық пен киножурналистика да бізге ауадай қажет. Дәлірек айтсақ, осы саладағы академиялық білім жеткіліксіз. Сонымен бірге, жақында біз Мәскеу кино мектебінің өкілдерімен кездестік, олар білім беруді өзгеше тұрғыдан қарастырады. Яғни, академиялық емес, ең көп дегенде үш жылдық оқу процесінде игеруге болатын жедел білім ретінде. Әрине, жедел білім алу үшін мықты материалдық базаның болуы маңызды. Мұнда кино өндірісі саласында сұранысқа ие мамандықтар үшін практикалық білім қажет. Киноиндустрия барлық қажетті мамандықтарды сапалы дайындағанда ғана алға жылжуы мүмкін. Және бұл мәселе ҚазҰУ арқылы шешілсе, керемет болар еді. Неліктен? Ең алдымен, бұл қажетті құралдар мен кино түсіру тұрғысынан жақсы базаның, яғни кино өндірісінде іс жүзінде қажет нәрселер – павильондар, жабдықтар, дыбыс жазу және монтаждау студияларының болуы. Егер біз бұл мәселені бірлесіп шеше алсақ, жақын арада іске асыра алсақ, меніңше, ең үлкен жетістік осы болмақ.
25.10.2021