конкурс 2026 кз

Құрманбек Жұмағали: «Киножобаларды іріктеу 1 наурызда басталады»

1 наурыздан бастап мемлекеттік қолдаумен жарыққа шығатын киножобаларды іріктеу басталады. Осыған орай Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма Төрағасы Құрманбек Жұмағали отандық киногерлерді өз сценарийлерін ұсынуға шақырды.

Іріктеуге ұсынылатын киножобалардың маңызды тақырыптар тізімі Орталықтың ресми сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланған. Аталған тізім қоғам ұсыныстары негізінде, ашық талқылау арқылы жасалды. Бұған дейін түскен барлық пікірлер мен ұсыныстар сараланып, ортақ көзқарас қалыптастыруға негіз болды.

«Сапалы, тәрбиелік мәні бар кино тек ашықтық пен әділдік үстемдік еткен ортада ғана жасалады. Сондықтан іріктеу осы қағидаларға сүйене отырып өтеді», - деп атап өтті Орталық басшысы.

Құрманбек Жұмағалидің айтуынша, әсіресе жас киногерлерге артылар сенім жоғары.

«Жастарға сеніміміз зор: соңғы уақытта қолдау тапқан 57 жобаның 40-ы - жас режиссерлер мен дебюттік жұмыстар. Прокатта 1 млрд теңгеден астам жинаған «Qaitadan» фильмі - соның айқын дәлелі», - дейді ол.

Осыған қоса, Басқарма Төрағасы Ұлттық киноны қолдау орталығы жаңа есімдерге және тың идеяларға әрдайым ашық екеніне назар аударды.