Жаңалықтар

«Ева. Батыр қыз»: дәстүр күші мен таңдау еркіндігі туралы деректі фильм ASTANA ECO FILM FESTIVAL аясында көрсетіледі

«Ева. Батыр қыз» деректі фильмі 22–23 сәуір күндері Астанада өтетін ASTANA ECO FILM FESTIVAL халықаралық экологиялық кинофестивалінің арнайы көрсетілімі аясында ұсынылады. Картина фестивальдің Бағдарламалық комитеті тарапынан экологиялық және әлеуметтік күн тәртібі үшін ерекше маңызға ие шығарма ретінде іріктелді.

«Ева. Батыр қыз» — көкпаршы қыз Ева Жигалина туралы шабыттандыратын деректі драма. Бұл бала кезінен дала өркениетінің рухын бойына сіңіріп, сүйікті ісімен айналысу құқығын қорғап жүрген қайсар қыздың бірегей тарихы. Фильм Темірбек Аманжолдың режиссерлік дебюті, Black & White Production компаниясы тарапынан Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген.
ASTANA ECO FILM FESTIVAL — экология, тұрақты даму және әлеуметтік жауапкершілік мәселелеріне арналған халықаралық кинофестиваль. Ол RES 2026 EXPO экологиялық және жасыл технологиялар халықаралық көрмесі аясында жүзеге асырылып, қоршаған ортаны қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау және планетаның болашағына қатысты қоғамдық диалогты қалыптастыруға бағытталған. Фестиваль халықаралық ұйымдар, мемлекеттік құрылымдар, бизнес, медиа және сарапшылар қауымдастығы өкілдерін біріктіріп, мәдени алмасуды дамытуға және экологиялық тақырыпта жұмыс істейтін авторларды қолдауға ықпал етеді.