Жаңалықтар

«Qaitadan» ізімен: Қазақстандағы орманшылар туралы алғашқы апаттық фильмнің жұмыс нұсқасы дайын

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының «38» атты жаңа киножобасы — қазақстандық кино тарихындағы орманшыларға арналған алғашқы фильм. Жоба Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылуда.

Фильм - 2024 жылғы питчинг жеңімпазы. Картинаның режиссері — Төребек Бейсебаев, продюсері — Нұржігіт Хайдаров. Алматы қаласында фильмнің жұмыс нұсқасының көрсетілімі өтті, оған Кино орталығының басшылығы қатысты.

Сюжет желісінің өзегінде — табиғи байлықты сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен орманшы мен орманды тек табыс көзі ретінде көретін оның көмекшісінің оқиғасы. Картина адам мен табиғаттың өзара байланысы, жауапкершілік және қоршаған ортаға тұтынушылық көзқарастың салдары секілді маңызды тақырыптарды көтереді.
Кино орталығы басшысының айтуынша, мұндай жобалар қоғамдық сананы қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

«Фильмде табиғат пен адам арасындағы байланыс, бір жағында — пайда, бір жағында — жауапкершілік деген күрделі таңдау жақсы көрсетілген. Табиғат, экология, апат туралы фильмдер арқылы адамдарға ой салу — мақсаттарымыздың бірі. Өткен жылғы «Qaitadan» фильмінде дамбының бұзылуы арқылы табиғи апат, қауіпсіздік, жауапкершілік мәселелері қозғалған еді. Ал енді «38» туындысы орман өрттері, табиғатты қорғау тақырыбын жалғастырып отыр. Бұл бекер емес. Өйткені әлем бойынша жыл сайын миллиондаған гектар орман өртенеді, шығыны миллиардтаған доллармен есептеледі. Қазақстанда да орман отқа оранған кездер болды. Ең өкініштісі, өрттердің басым бөлігі адамның салғырттығынан болады. Кейде құрғақ статистикадан гөрі, бір жақсы түсірілген оқиға адамға көбірек әсер етеді. Осындай туындылар арқылы табиғатқа құрметпен қарауға, орман мен қоршаған ортаны сақтауға үндейміз», — деп атап өтті Құрманбек Жұмағали.
Фильм өндірісі жақын уақытта толық аяқталады деп күтілуде. Картина экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге өз үлесін қосатынына жоба авторларының сенімі мол.