Отандық анимацияның жаңа деңгейі: Құрманбек Жұмағали «Команда А» фильмінің шығармашылық тобымен кездесті
2026-04-03 11:32
Алматы қаласында Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша және Кино орталығының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Команда А» толықметражды анимациялық жобасының шығармашылық тобымен кездесті.
Жоба 2024 жылғы киножобалар питчингінің жеңімпазы және әлеуметтік мәні зор фильмдер қатарына кіреді. Анимациялық туынды ТОО «STUDIO CUBIC» киностудиясымен жасалып, қазіргі таңда монтаж кезеңі жүзеге асуда.
«Команда А» — 14 жасар жасөспірімнің ата-анасымен бірге ойын-сауық планетасына сапары туралы шытырман оқиға. Алайда сапарлары күтпеген жерден өзгеріп, отбасы ғаламдық қауіп-қатерге бетпе-бет тап болады. Айкаға ата-анасын құтқарып, туған планетасын қауіп туралы ескерту міндеті жүктеледі. Оған сапарластары - роботтандырылған мысық пен бөгдеғаламдық серігі көмектеседі. Фильмнің негізгі өзегі — отбасылық құндылықтар, достық және мінез беріктігі.
Жобаның басты ерекшелігі — Motion capture (қозғалысты тіркеу) технологиясының қолданылуы. Бұл технология Кино орталығы қолдаған жобаларда алғаш рет пайдаланылуда. Ол актерлердің қимыл-қозғалысын цифрландырып, 3D кейіпкерлерге көшіруге мүмкіндік береді, нәтижесінде анимацияның шынайылығы артады.
Фильмнің режиссерлері — Айдын Сахаман мен Расул Гаитов, продюсерлері — Дамир Айникеев пен Анна Расщепко. Жобаны жүзеге асыруға белгілі қазақстандық актерлер қатысып, өндіріс процесіне де, кейіпкерлерді дыбыстауға да атсалысуда.
Кездесу барысында Құрманбек Жұмағали жобаның жұмыс барысымен танысып, шығармашылық топпен сапа мен өндірістің негізгі мәселелерін талқылады.
«Бұл — отандық анимация үшін жаңа кезең. Кино орталығы қолдаған жобаларда алғаш рет Motion capture технологиясы қолданылып отыр, Осындай жаңалық ұлттық анимацияны жаңа сапалық деңгейге көтеріп, саладағы кәсіби стандарттарды нығайтуға жол ашады», — деп атап өтті ол.
Фильм өндірісін биыл аяқтау жоспарлануда. Жоба қазақстандық анимацияның дамуына серпін беріп, кең көрерменнің ыстық ықыласына бөленеді деп күтілуде.