Мемлекеттік қаржыландыруға үміткер киножобаларын ашық қорғау кезеңі жалғасуда. Питчингтің екінші күні Сараптама кеңесіне «Әлеуметтік маңызы бар фильмдер» және «Дебюттік фильмдер» санаттары бойынша жобалар ұсынылды.
Жалпы, байқаудың екі кезеңінен сәтті өткен 95 жоба питчингке қатысуда. Ашық қорғау барысы Ұлттық киноны қолдау орталығының ресми YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетілуде.
Еске сала кетейік, байқаудың алғашқы кезеңіне өтінім қабылдау биылғы жылдың 1 наурызында басталған. 2026 жылғы конкурс кәсіби орта тарапынан үлкен қызығушылық тудырды: электронды форматта барлығы 323 өтінім келіп түсті.
Питчингтің негізгі мақсаты – жобалардың идеялық, көркемдік және өндірістік әлеуетін ашық қорғау арқылы мемлекеттік қолдауға лайық үздік жобаларды анықтау.