Жаңалықтар

Ұлттық киноға жаңа үн: «Joqtau» фильмінің премьерасы Алматыда өтті

2025-08-07 11:09
Алматыдағы Dostyk Plaza-дағы CINEMAX кинотеатрында «Joqtau» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. Бұл – отбасы, жады, ұрпақ сабақтастығы мен өз тамырына оралу туралы философиялық драма. Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірілген.

«Joqtau» – режиссер Аруан Анартайдың алғашқы толықметражды фильмі. Басты кейіпкер – шетелде тұратын жас ғалым. Ол туған мәдениетінен алыстап кеткенін сезіп, Қазақстанға оралады. Қазақ даласына жасаған сапары оны отбасы, дәстүр және өзін тану жолына бастайды.
Көрсетілімге Кино орталығы жанындағы Сараптама кеңесінің төрағасы Бауыржан Шөкенов пен Сараптама кеңесінің мүшесі, медиаменеджер Нұржан Мұхамеджанова қатысып, жобаның мемлекет тарапынан қолдау тапқанын атап өтті.

«Бұл фильм – ұлттық және әлеуметтік маңызды тақырыптарды қозғайтын авторлық киноға деген қолдаудың бір көрінісі. Осындай туындылар көрерменмен терең байланыс орната алады», – деді Бауыржан Шөкенов.

Фильмде маңызды тақырыптар қозғалған: жақыннан айырылу, жады, дәстүрдің орны.
«Кинокартина жеке басымнан өткен оқиғалардан құралған. Жақынымнан айырылу мені ұрпақтар арасындағы байланысты ой елегінен өткізуге итермеледі. Бұл – сол сезімдерді жеткізудің жолы», – деді режиссер.

Фильм халықаралық фестивальдерде жоғары бағаланды. Ол Бішкек пен Алматыда «Үздік режиссура» жүлдесін жеңіп алды, сондай-ақ Швейцария, АҚШ, Бразилия, Гонконг және Колумбияда көрсетілді.
Басты рөлдерде Исбек Әбілмәжінов, Ермек Шынболатов және Ирина Балкова ойнайды. Оператор – Айгүл Нұрбулатова, қоюшы-суретші – Аяна Нурдинова. Продюсерлер – Аружан Досымқожа мен Александра Сытник.

Көрсетілімнен кейін шығармашылық топ көрермен сұрақтарына жауап беріп, түсірілім барысындағы қызықты оқиғалармен бөлісті.
Айта кетейік, «Joqtau» фильмі 7 тамыздан бастап кең прокатқа шығады. Көрсетілімдер еліміздің ең ірі қалаларындағы кинотеатрларда өтеді, олардың қатарына Ақтөбе (Kinopark), Алматы (Kinopark, Chaplin Cinemas, Cinemax), Астана (Kinopark, Chaplin Cinemas), Балқаш (Alem Cinema), Қызылорда (Kinopark) және Шымкент (Kinopark, Cinemax) қалалары кіреді.
Айта кетейік, «Joqtau» фильмі 7 тамыздан бастап кең прокатқа шығады. Көрсетілімдер еліміздің ең ірі қалаларындағы кинотеатрларда өтеді, олардың қатарына Ақтөбе (Kinopark), Алматы (Kinopark, Chaplin Cinemas, Cinemax), Астана (Kinopark, Chaplin Cinemas), Балқаш (Alem Cinema), Қызылорда (Kinopark) және Шымкент (Kinopark, Cinemax) қалалары кіреді.